16 тамыз күні америкалық әйгілі миллиардер, SpaceX, Tesla компанияларының басшысы Илон Маск The New York Times басылымына сұхбат бергенін хабарлаған едік. Тілшімен әңгімелесу барысында кәсіпкер өзінің аптасына 120 сағат жұмыс жасап жүргенін, Tesla компаниясына байланысты туындап жатқан қиындықтар салдарынан физикалық тұрғыдан қажығанын жасырмай айтқан еді. Осы сұхбаттың әсері болса керек, 17 тамыз күні Tesla акциялары 8 пайызға дейін құлады. Мұндай жағдай тамыз айының басында да болған еді. Дәлірек айтсақ, 7 тамыз күні Илон Маск твиттердегі парақшасында Tesla-ны жеке меншік компания ететінін хабарлады. Дәл осы жаңалықтан кейін, Bloomberg сараптамасы бойынша, компания акциялары 14 пайызға құлады. Сұхбат кезінде биылғы жыл кәсіпкер үшін оның өміріндегі ең ауыр кезең болғанын айтқан еді. Ол тыным таппай жұмыс жасап жатқанын, тіпті кеңседен 4 күн бойы сыртқа шықпастан компания қиындықтарын шешуге көңіл бөлгенін жеткізді. Маск 28 маусым күні 47 жасқа толды. Алайда, ол туған күн тойлаудан да бас тартып, кеңседен аттап шықпапты. Tesla басшылығының мәлімдемесі бойынша, компания бірнеше жылдан бері директордың орынбасарлығына жаңа қызметкер іздестіріп жатыр. Илон Маск бұл орынға Facebook компаниясында Марк Цукербергтен кейінгі екінші басшының қызметін атқаратын Шерил Сэндбергті шақырған еді. Алайда, Цукербергтің оң қолы Масктың ұсынысын қабылдамапты. Илон Маск бәсекелес компаниялардың білікті мамандарын өз жақтастарына айналдыру жұмыстарымен зейінді түрде айналысты. Осы әрекеттің нәтижесінде, ол 2013 жылы Apple-дің Mac компьютерлерін шығаруға жауапты бас инженер Дуг Филдті өз компаниясына шақырып алды. Алайда, Tesla-ның биылғы сәтсіздіктерінен кейін Дуг Филд Масктың командасынан біржолата кетіп қалды. Тұтынушылар Tesla көлігін сатып алудан да сескеніп қалды. Оған себеп болған мына жағдай. Америкалық азамат 78 мың АҚШ долларына Tesla 3 көлігін сатып алған. Нәтижесінде көліктің артқы есігінің біреуі (ішкі бөлігі) мүлде басқа көліктің қаптамасымен қапталғаны белгілі болды. Тұтынушы көлікті қомақты қаржыға сатып алғандықтан, қандай да бір мін шығады деп ойламапты. Салғырттықтан туындаған бұл жағдай көліктің абыройына айтарлықтай кір келтіріп үлгерді. Бұл жаңалықты көліктің иесі твиттердегі жеке парақшасында жазған. Суреттің астында компания тарапына бағытталған негатив пікірлер мыңнан асады.