SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск біздің галактикада ешқандай өзге ғаламшарлық жоқ екенін хабарлады. Бұл туралы РИА Новости ақпарат агенттігі жазды.
Илон Масктың айтуынша, адам – зияткерлік көрсеткіші ең жоғары жаратылыс.
"Егер менен өзге ғаламшарлықтар жайлы сұрайтын болсаңыз, "мен олар жайлы білгім келеді, бірақ олар расында бар дегенге қаншалықты сенесіз? Мен өзгеғаламшарлықтардың бар екенін айқындап беретін ақылға қонымды бір ауыз сөз де естімедім" деп жауап берер едім", - деді Илон Маск.
Сонымен қатар, әйгілі миллиардер адамзаттың Жер ғаламшарында тек 700 миллион жылы қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, шекті мерзім келгенде Күннің әсерінен Жер жоқ болып кетеді. Сол себепті, қазірден бастап адамзат ғарыш саласын меңгеріп, өзге ғаламшарларды зерттеумен айналысу керек.
SpaceX компаниясы ғарышқа ұшырғалы жатқан Starship кемесі 1-2 ай көлемінде көкке көтерілетінін хабарлады. Бұл кеме 20 шақырым биіктікке дейін көтерілуге қауқарлы. Сонымен қатар, бұл әуе көлігі бірнеше мәрте пайдалануға жарайды. Арнайы бағдарлама арқылы бір уақытта жүзге жуық адам Марсқа саяхаттай алады.
Илон Маск Қызыл ғаламшарды отарлауды армандайды. Бұл арманын 2000 жылдары SpaceX компаниясының негізін қалағанда-ақ жүзеге асыруды бастап кетті. Ол NASA ғарыш агенттігінің бұл іске селқос қарап жатқанын, 4-5 жыл арасында Марс планетасына адам жібермейтінін біліп, бұл істі өзі тәуелсіз жүзеге асыруды бастады. Оның ойынша, кезі келіп адамдар Жер шарын тастап кетеді. Сол кезде адамзаттың жаңа мекені Марс сияқты ғаламшарлар болады.
Маск твиттер әлеуметтік желісінде Ай немесе Марсқа ұшу билеті қанша тұратынын айтқан еді. "Мен сенімді түрде айта аламын: Марсқа саяхаттау қазір әр адамға 500 мың доллар болса, болашақта ол 100 мың доллардан да аз болады", - деді.