Жаңа ашылулар мен технологиялар адам өміріне өзгеріс енгізіп жатыр. Осыған орай, жаңа мамандық түрлері де күн өткен сайын артып келеді. Ғарыштық гид, биохакер, робоэтикалық адвокат — бұлар болашақта пайда болатын мамандықтардың бірнешеуі ғана.
Microsoft корпорациясы демеушілігімен The Future Laboratory ұйымы еңбек нарығының даму божамын жасады. Олар 2025 жылға қарай беделді болатын 10 мамандық тізімін ұсынып отыр.
Виртуалды әлем дизайнері
Зерттеушілер пікірінше, қазіргі таңда шынайы өмірден гөрі виртуалды әлем басым болып отыр. Сондықтан, адамның оған бөлетін уақыты мен назары артып келеді. Өз әлемі мен қоршаған ортаға аса мән беретін адамдар уақыт өте келе виртуалды өмірін әрлеуге көшері хақ. Оны жүзеге асыру мақсатында арнайы виртуалды әлем дизайнерлері секілді мамандарға ұсыныс артпақ. Яғни, қазіргі уақытта адамдар тұрғын үйлерін безендіруге маман жалдаса, кейін дәл солай виртуалды тұрағын да безендіреді.
Робоэтикалық адвокат
Адам мен робот арасында міндеттердің бөлінуі қазіргі күннің өзінде даулы мәселеге айналып отыр. Кейін, роботтардың еңбегін пайдалану кең етек жайған кезде, олардың құқықтарын қорғайтын жақтаушы қажет болары анық. Демек, уақыты келгенде роботтар өздеріне қатысты этикалық қатынасты талап етері анық.
Сандық мәдениет шолушысы
Техника дамыған заманда кітап оқитын және жазатын адамдар саны азайып барады. Олар көп жағдайда визуалды дүниелер қызықтағанды жөн санайды. Сол себепті Facebook, Twitter секілді әлеуметтік желілердің мәтіндік түріне қарағанда, суреті көп Pinterest және Instagram фотохостингтері қарқынды дамып келеді. Ғаламтор қолданушылары осындай көп мөлшердегі визуалды ақпарат легінің астында қалмас үшін болашақта оларды сараптайтын арнайы мамандар пайда болады. Сандық мәдениет шолушылар суреттер мен видеороликтерді зерделеп, тұтынушыға ақпараттар ұсынады.
Биохакер
Қараңғыда көре білу қабілеті, қашықтықта ойын жеткізу немесе адамдар туралы толық ақпаратты биочип арқылы тану — мұның барлығы тек фантастикалық фильмдерде болатын. Ал, сол кинофильмдерден көрген ойға қонымсыз дүниелердің барлығы болашақта орын алып, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы әбден мүмкін. Адамдарда осындай қабілеттер болуы үшін хирургиялық операцияны қарапайым дәрігер емес, білікті компьютерлік маман ғана жасай алады. Бұл мамандық «биохакинг» деп аталады: термин 1988 жылы ойлап табылған, қазіргі уақытта бұл ойды ұстанушылар қатары аз емес.
Адам денесінің дизайнері
Болашақта адамдар 100 жасқа дейін немесе одан да ұзақ өмір сүруі мүмкін. Өйткені, ағза мүшелерін алмастыру үшін донор іздеу қазіргідей қиындық тудырмайтын болады. Бұл үдеріс 3D-басылым және басқа да технологиялар көмегімен жүзеге аспақ. Зерттеушілердің ойынша, алдағы 10 жылда қарапайым дүкенге кіріп, қажетті дене мүшесін сатып алуға мүмкіндік туады. Осыған орай, дене мүшесін таңдауға көмектесетін арнайы мамандар қажет болады. Олар тұтынушы терісінің түсін, ағзалық ерекшеліктерін ескере отырып, дұрыс тауар алуға көмек қолын созады.
Интернет заттар администраторы
1999 «Интернет заттары» (Internet of Things, IoT) концепциясы құрылған болатын. Интернет заттары дегеніміз әдеттегі физикалық заттарға компьютерлік қосымша құрылғы орналастырылуы. XX ғасырдың аяғынан бері осы талапқа жауап беретін смарт үйлер жасау көзделіп келеді. Осы еңбектің нәтижесінде 2025 жылға қарай әрбір зат адам басқаруынсыз өздігінен жұмыс істей алатын халге жетеді. Осыған орай адамнан да ақылды заттарды пайдалануға үйрететін арнайы интернет заттар администраторы пайда болады.
Ғарыштық гид
2020-2025 жылдарға қарай ғарышқа саяхат жасау әдеттегі туристік ұсыныстар қатарына енеді. Соған байланысты, тур ұйымдастырып, ғарыш көруге ниет білдіргендерді жетелейтін арнайы гид мамандығының беделі артады. Оның міндеті туристердің қасында жүру емес, әлдеқайда қауіпсіз жол сызбасын жасау. Ал, батыр саяхатшыларды техникалық қамтамасыз етумен басқа маман айналысатын болады.
Тұлға кураторы
Әлеуметтік желілер дамуына орай, бұрын соңды тек жеке тұлғаның өзіне ғана мәлім дүниелер қазір миллиондаған адамның көз алдына шығып, олардың кейде жақсы, кейде қара ниетті пікірлеріне ұшырап жатады. XXI ғасыр мамандықтарының тізімін жасаушы топ алдағы уақытта сол ақпараттарды жариялау мәселесіне қатысты кеңес беретін арнайы тұлға кураторлары жұмыс жасай бастайтынын айтады.
Табиғи ортаны қайта жаңғыртушы инженерлер
Қазір планетамыздың табиғи ресурстары азайып келеді: дамыған заманның өзінде адамзат оларды ұқыпты пайдалану жолдарын таба алмай отыр. Ал, антропогендік әсер жыл өткен сайын артып келеді. Осыған орай, алдағы уақытта экологтар мен биологтарға қоса, жаңа табиғи ортаны қайта жаңғыртушы инженерлер пайда болады. Олар экожүйені жаңғыртып, табиғи ортаны қалпына келтіру шараларымен айналысады.
Тұрақты энергетика новаторы
Жаңа энергетикалық модельдерге ауысу адамзаттың электр қуатына деген сұранысынан төмен болмауы тиіс. Осыған байланысты, жақын болашақта қуат алудың жаңа көздерін ойлап табушы новаторлар легі пайда болады. Сонымен қатар, тұрақты энергетика новаторлары оны тиімді пайдалану жолдарын ұсынуға міндетті.
Сізді білмеймін, бірақ мен The Future Laboratory ұйымы ұсынған еңбек нарығының даму болжамы қалжың болар деп үміттенемін. Әрине, үнемі жетіліп отырған дұрыс. Алайда, дәл осы мәселеге қатысты адам ретінде жүрегім дауламайды. Жоғарыда көрсетілген тізімдегі мамандықтар тек фантастикалық фильмдерде ғана кездесуі жалғаса берсін. Табиғат-Анадан алшақтамай, үйлесімділікті жоғалтпай, адами өмір сүруге не жетсін?!