Америкалық ғалымдар тобы, АҚШ-тың Денсаулық сақтау департаменті және Америкалық нефрологтар қоғамы арасындағы бірлескен бүйрек жобасы аясында жасанды бүйрек сәтті сынақтан өткізілді. Бұл туралы Калифорния университеті хабарлады.
Бір айта кетерлігі, бұрынғыдан айырмашылығы жаңа жасанды бүйрек – сыртқы қуат көзі мен сорғыны қажет етпейді. Ол ағзадағы қанның табиғи қозғалысы бойынша жұмыс істейді.
Жасанды бүйрек қандағы токсиндерді кетіретін кремнийлі гемофильтрден және адамның бүйрек жасушаларының биореакторынан тұрады.
Ғалымдар сонымен қатар биореактордағы бөтен жасушаларға дененің иммундық реакциясы мәселесін шешті.
"Имплантатты қолданушылар енді дененің бөгде жасушаларға әсерін басу үшін иммунодепрессанттарды қабылдамайды. Олар қанды сұйылтатын дәрілерді қажет етпейді. Жаңа конструкцияның басты артықшылығы – ол сорғысыз жұмыс істейді, тек қанның табиғи қысымында, яғни сорғыға қажет батареялар мен басқа қуат көздеріне мұқтаж емес", - деді мамандар.
Жаңа жасанды бүйрек созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандардың өмір салтын жақсарта алады. Бүкіл әлемде бұл аурудан 750 миллионнан астам адам зардап шегеді және жыл сайын миллионнан астам адам қайтыс болады. Қазіргі уақытта мұндай адамдар гемодиализ процедурасын қабылдау үшін аптасына 3 рет ауруханаға баруға мәжбүр.
Бұрын ғалымдар жасанды бүйректі жасауда жұмыс істеген, бірақ әр жолы дененің иммундық реакциясына, құрылғының ыңғайлылығы мен сенімділігіне байланысты көптеген мәселелер туындадаған болатын.