3D принтерде басылған Еуропадағы алғашқы жаяу жүргіншілер көпірі Амстердамдағы Audeseyts Axterburgval каналына орнатылды.
Он екі метрлік көпірді голландиялық MX3D компаниясы жасады, оны Лондон императорлық колледжінің зерттеушілері сынақтан өткізеді.
Көпір жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезіндегі өзгерістерді тіркейтін құрылғымен жабдықталған. Алынған мәліметтер мамандарға көпірден күніне қанша адам өтетіндігін анықтауға көмектеседі.
Көпірге дайындық 2017 жылдың наурыз айында басталып, жарты жылда аяқталды.
Ол 2018 жылдың қазан айында өткен голландиялық дизайн апталығында көрсетілді. Жаңа көпір каналда ескі көпірдің жөндеу жұмысы аяқталғанға дейін, екі жыл тұрады.
Егер принтерде басылған көпір өзін ақтайтын болса, бұл технологияны басқа жобаларда да қолдану жоспарланып жатыр.
Бұған дейін 3D принтерде басылған үй алғашқы иесіне тапсырылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Эйндховен техникалық университеті және "Вестеда" тұрғын үй корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылған "Милестон" жобасының алғашқы дайын үйін жалға беру 2019 жылы жоспарланған болатын, бірақ архитектуралық жобаның күрделілігіне байланысты кейінге қалдырылған.
3D басып шығаруды пайдаланып ғимараттар салуды құрылыс индустриясында көптеген адамдар шығындарды азайту және қоршаған ортаға зиян келтірмеу тәсілі ретінде қарастырады. Бұл технология арқылы салынған үйлерде цементтің мөлшері аз, құрылыс материалдарының қалдықтары болмайды. Сонымен қатар 3D-принтер процестің автоматтандырылуын қамтамасыз етіп, соның арқасында ғимараттар салу жылдамдығы артады.
Тұрғын үй көлемі 94 шаршы метр, екі жатын бөлме бар. Үй тас пішінді және 24 бетон элементтерінен тұрады. Ғимаратты салуға 120 сағат уақыт кеткен.
Мексиканың Табаско штатындағы 3D-принтер арқылы салынған үй
Айта кетейік, 3D басып шығару технологиясы үйлер мен басқа ғимараттарды салуда соңғы уақытта жиі қолданылып жатыр. Мәселен 2018 жылдың соңында Шанхайдағы инновациялық парктердің бірінде 3D принтерінде басып шығарылған әлемдегі ең ұзын бетон көпір ашылды. Көпірдің ұзындығы - 14,1 метр, ені - 4 метр. Көпір – Хебей провинциясындағы 1,5 мың жылдық тарихы бар ескі көпірдің көшірмесі.