Бәрімізге танымал Internet Explorer браузерінің ескіргені соншалық заман талаптарына сай келмейді. Кез келген хакер аталмыш браузер арқылы компьютеріңізді еркін "шарлай" алады.
Ақпараттық қауіпсіздік бойынша сарапшы Джон Пейдж Internet Explorer браузерінің осал тұсын тапқан. Бар кілтипан - браузердің MHT файлдарды өңдегенінде. Хакер MHT файлдары арқылы компьютердегі кез келген ақпаратта не қажетті құжатына қол жеткізе алады екен. Джон Пейдж браузердің осал тұсын тауып, оны видеоға түсірді.
Бұған дейін Microsoft компаниясының киберқауіпсіздік жұмыстары бойынша сарапшысы Крис Джексон Internet Explorer браузерін пайдалану қауіпті екенін мәлімдеген болатын. Бұл хабардың тарауына браузердің 2015 жылдан бері бір де бір рет жаңармауы әсер еткен. Яғни, браузер жаңа веб-стандартты көрмейді. Крис Джексон өз жазбасында браузер осы күйі жаңармайтын болса, алдағы уақытта қолданушыларынан айырылып қалатынын жазды.
Сонымен қатар, Internet Exlprer-ді енді браузер деп атамау керегін алға тартып қолданушыларды оны пайдаланудан бас тартуға шақырды. Компания ескі браузердің баламасы ретінде Microsoft Edge браузерін қолдануды ұсынып отыр. Жақын уақытта бұл браузер Windows 10, Windows 8, Windows 7, Mac, Linux бағдарламаларында қолжетімді болады. Джексонның болжауы бойынша, Edge веб-стандарттарды өзгерту бойынша бірінші орынға шығады.