Кейінгі аптадағы технология мен ғылымға қатысты ең қызықты жаңалықтарды жинап, ұсынамыз.
© Waterstudio/Dutch Docklands Maldives
Су үстіндегі қала
Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласынан алыс емес жерде орналасқан су қоймаларында 20 мың адам сыятын қалқымалы қала салынып жатыр.
Нидерландық Waterstudio сәулет фирмасы әзірлеген бұл жоба 2009 жылы басталып, 2027 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Су үстіндегі қалада негізгі көлік ретінде қайықтарды пайдалану қарастырылған. Мұнда көлік жоқ, оның орнына велосипедтер, электроскутерлер мен скутерлер жүреді.
Салынып жатқан қаладағы жылжымайтын мүліктің бағасы 150 000 доллардан 250 000 долларға дейін бағаланады. Алғашқы сатып алушылар аралға 2024 жылы қоныс аударады.
© aroged.com
Әлемдегі ең жеңіл ноутбук
Жапонның Fujitsu компаниясы салмағы 634 грамм Lifebook WU-X/G2 ноутбукін таныстырды.
Ноутбуктің дисплейі 13 дюймді құрайды және құрылғы Intel Core i5-1235U немесе i7-1255U процессорымен жабдықталған. Fujitsu Lifebook ноутбугында 32 ГБ жады бар, ал ішкі жадты 256 ГБ-тан 2 ТБ-ға дейін кеңейтуге болады. Ол Bluetooth 5.1 және Wi-Fi 6 сымсыз модульдерімен, SD карталарына арналған слотпен және веб-камерамен жабдықталған.
Ноутбуктің корпусы көміртекті талшықтан жасалған. Ол Windows 11 операциялық жүйесінде жұмыс істейді.
Fujitsu Lifebook WU-X/G2 моделінің негізгі бағасы 1,3 мың доллардан басталады.
© Xiaomi
"Ақылды" көзілдірік
Xiaomi компаниясы бейне түсіру мүмкіндігі бар Mijia Glasses Camera смарт көзілдірігін ұсынды. Өндірушілердің айтуынша, құрылғының жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болды.
Смарт көзілдірік 50 мегапиксельді кең бұрышты камерамен, сондай-ақ 5 есеге дейін үлкейтуге мүмкіндік беретін 8 мегапиксельді перископтық телефото объективімен жабдықталған. Құрылғы 100 минутқа дейін үздіксіз бейне түсіре алады, аккумулятордың сыйымдылығы 1020 мАч.
Mijia көзілдірігінің бағасы 375-400 доллар болуы мүмкін.
© The University of Tokyo
Цемент тамақ қалдықтарынан өндірілді
Токио университетінің Өнеркәсіптік ғылым институтының ғалымдары тамақ қалдықтарын құрылыс материалдарын өндіру үшін пайдаланады. Бұл әдіс тек қана қырыққабат жапырақтары мен апельсин қабығы сияқты жеміс-жидек пен көкөніс қалдықтарынан цемент өндіруді қамтиды.
Профессор Юя Сакай бастаған зерттеушілер тобы ағаш ұнтағынан құрылыс материалдарын дайындауда кеңінен қолданылатын "ыстық престеу" әдісін қолданған. Теңіз балдыры, қырыққабат жапырақтары, апельсин, пияз, асқабақ және банан қабығы кептіріліп, ұнтақ күйіне сығымдалады. Алынған цемент беріктігі бойынша басқа цементтен қалыспайды.
Токио университетінің командасы ойлап тапқан әдіс құрылыс индустриясы мен климаттың өзгеруіне қарсы күреске де үлкен әсер етуі мүмкін. Технология кең ауқымда жүзеге асса, адамзат дәстүрлі цементке тәуелділіктен арыла алады. Қазіргі уақытта әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 8 пайызы цемент өндірісінің үлесіне тиеді. Сондай-ақ, бұл әдіс парниктік газдар шығарындыларының ең ірі көздерінің бірі болып табылатын тамақ қалдықтарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.