Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі электр станциясындағы жаңартылған қуат көздерін 30 пайызға арттыру жоспарланған. Қазір Қазақстанда осы бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Соны бірі – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында қуаттылығы 60 мегаватт Қазақстан-Қытай бірлескен жел электр станциясының салынуы.
Жобаны «Қазақ электр холдингі» қытайлық корпорациямен серіктестікте жүзеге асырды және энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың сәтті үлгісі болып табылады. Сондай-ақ аталған компаниялар арасында стансаны кеңейту және оның қуатын 300 мегаваттқа дейін ұлғайту арқылы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жобаның құны 37,4 млрд теңгені құрайды. Жаңа станция әрқайсысының номиналды қуаты 2,5 мегаватт болатын 24 жел қондырғысын қамтиды. Сонымен қатар, қосалқы станция мен оған қатысты инфрақұрылым, сондай-ақ әуе электр желілері орнатылды. Станция жел турбиналарын шығаратын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі GoldWind компаниясының жабдығы арқылы салынды.
Бейнеконференцбайланыс режимінде стансаның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Алматы облысында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста жалпы қуаттылығы 212,95 мегаватт болатын 19 жаңартылатын энергия нысаны бар, оның ішіне 7 жел электр станциясы кіреді. Бүгін біз сегізінші жел электр станциясын іске қосып жатырмыз. Шелек дәлізінде орналасқан бұл нысан 60 мегаватт қуат өндіреді. 300 мегаваттқа дейін кеңейту перспективасы бар. Жобаны жүзеге асыру халықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді, өңірдің экономикалық дамуына ықпал етеді, сонымен қатар жылыжай шаруашылығын қысқарту арқылы қоршаған ортаға зиянды әсерді барынша азайтуға қол жеткізуге ықпал етеді, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа жел электр станциясы жылына 225,7 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Өндірістік сипаттамалармен қатар, жоба өзінің экологиялық құрамдас бөлігімен аймақ үшін маңызды. Электр станциясын салу және іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 000 тоннаға дейін азайтады, сондай-ақ жылына шамамен 89 000 тонна стандартты отынды ауыстырады. Жаңа энергетикалық нысанның құрылыс кезеңінде 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Станцияның әрі қарай жұмыс істеуі үшін жергілікті тұрғындардан 14 маман оқытылып, жұмысқа орналастырылды.
Жалпы облыс бойынша 2025 жылға дейін жалпы қуаты 77,15 мегаватт, құны 145,9 млрд теңгені құрайтын және 120 жұмыс орнын құрумен тағы 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру 2025 жылға қарай отандық өндіріс құрылымындағы жаңартылатын көздерден энергия өндіру үлесін 21 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы электр энергиясын тиімді пайдалану туралы жиында жаңа электр станцияларын салуға тоқталып өткен болатын.
«Қазақстанда энергия тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері өсу қарқынына сәйкес келмейді. Шындығында, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты». Біздің ЖІӨ құрылымында негізгі үлесті қызмет көрсету саласы алатынына қарамастан, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда Қазақстан экономикасы энергияны 3 есе көп қажет етеді. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардағы негізгі қорлар мен жабдықтардың ЭЫДҰ және әлемнің басқа да озық елдерінің заманауи стандарттарына сәйкес келмейтінін көрсетеді», - деген еді Мемлекет басшысы.
Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Үкімет сондай-ақ 2035 жылға дейінгі елдің энергетикалық балансын дайындап, Ұлттық электр энергетикасын дамыту жобасына кіріскен.
Айта кетейік, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір саласы жасыл энергияны қамтиды. Ол бойынша еліміздегі электр станцияларын қайта жабдықтау, электр энергиясын тиімді пайдалану көзделген.