- Негізгі бет
- Техно
- Электросамокатпен жүру ережесін...
Электросамокатпен жүру ережесін білесіз бе?
Бүгінгі таңда еліміздегі ірі қалаларда қозғалысқа ыңғайлы электросамокаттарды теуіп жүрген адамдарды жиі кездестіруге болады. Сағатына 40-тан 70 шақырымға дейін қозғалатын осынау ыңғайлы шағын көлікті пайдалану ережелері, онымен дұрыс қозғалудың қыр-сыры туралы көпшілік біле бермеуі мүмкін.
Электросамокатты тебу үшін жүргізуші куәлігі қажет пе? Оны ІІД-ге (немесе ІІБ-ге) тіркеу керек пе? Электросамокатпен жолдың қандай бөлігінде қозғалуға рұқсат етіледі? Жалпы, жыл басынан бері электросамокатқа қатысты жол-көлік оқиғалары тіркелді ме? ІІМ осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, арнайы жүргізуші куәлігі берілетін көлік құралдары санаты мен кіші санатының тізімі «Жол қозғалысы» туралы Заңның 73-бабы 1-тармағында бекітілген.
«Электросамокаттар арнайы жүргізуші куәлігі берілетін көлік құралдары тізіміне кірмейді. Бұған қоса, аталған қозғалыс құралы мемлекеттік тіркелуге («Жол қозғалысы» туралы Заңның 64-бабы) жатпайды. Осыған байланысты, «Жол қозғалысы» туралы Заңның 54-бабы 3-тармағы 1-тармақшасының талаптары электросамокат жүргізушілеріне қолданылмайды», - делінген жауапта.
«Жол қозғалысы» туралы Заңның 1-бабы 41-тармақшасына сәйкес мопед - екі немесе үш аяқты, ішінен от алатын қозғалтқышпен немесе электроқозғалтқышпен жабдықталған, цилиндрі елу текше сантиметрден аспайтын және жоғары жылдамдығы сағатына 50 шақырымды құрайтын көлік құралы. Аспалы қозғалтқышпен жабдықталған велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осындай сипаттамасы бар өзге де көлік құралдары мопедпен теңестіріледі.
«Сол себепті аталған көлік құралы мопедпен тең», - делінген жауап хатта.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы Қаулысымен бекітілген «Жол қозғалысы» ережесінің 24-бөлігі 1-тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтарға электросамокаттарды жүргізу құқығы беріледі.
«Сонымен бірге, элеткросамокаттар велосипедке арналған жолдармен жүруі тиіс. Ондай жолдар қарастырылмаған жерде жол бөлігінің оң жақ қанатымен маршруттық көлік құралына арналған жолақпен бір қатармен жүруіне болады», - деп атап өтті министрліктен.
А. Қажиев