- Негізгі бет
- Техно
- Джеймс Уэбб телескопы...
Джеймс Уэбб телескопы Юпитердің суретін жариялады
Джеймс Уэбб ғарыш телескопы түсірген суретте Юпитерді қоршап тұрған дауылдар мен сақиналар анық көрінеді. Астрономдар мұны «адам сенгісіз оқиға» деп бағалады. Бұл туралы BBC жазды.
Инфрақызыл кескіндер планеталық ерекшеліктерді көрсету үшін жасанды түрде боялған. Өйткені адамның инфрақызыл түстерді көру қабілеті жоқ.
«Біз Юпитердің мұндай бейнесін бұрын ешқашан көрген емеспіз. Бұл мүлдем адам сенгісіз нәрсе», - деді жобаға қатысушылардың бірі, Калифорния университетінің астрономы Имке де Патер.
Кескін телескоппен түсірілген бірнеше суреттердің композициясынан жасалған. Күннің сәулесі планетаның оңтүстік және солтүстік полюстерінде көрінеді.
Айта кетейік, Джеймс Уэбб ғарыш телескопы 2021 жылдың желтоқсанында ұшырылған және Жерден 1,6 млн км қашықтықта орналасқан. Құны 10 миллиард долларды құрайтын жобаны NASA, еуропалық және канадалық ғарыш агенттіктері басқарады.
Ол 13 миллиард жыл бұрын Жерге қарай қозғала бастаған жарықты анықтай алады. Әйгілі Хаббл телескопының ізбасары саналатын Джеймс Уэбб алдағы 20 жылда ғарышты зерттеудің негізі құралы болады.
Т. Раушанұлы