- Негізгі бет
- Техно
- Болашақтың 3 мұражайы...
Болашақтың 3 мұражайы
Қазіргі технологиялар ғасырында өмірдің барлық салаларына соңғы IT жетістіктер жиі енгізіліп отырады. Әсіресе, көрермен көңілінен шығу мақсатында мұражай көрмелері мен экспозицияларына жаңа технологиялық шешімдерді қолданылып жүр. Осындай жаңа форматтағы мұражайлар қызықты, пайдалы әрі ұмытылмас сапар жасауға арналған барлық идеяларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Біз де оқырманға арнап технология жетістіктерін пайдалануға қорықпайтын тәуекелшіл 3 мұражайды іріктеп алдық.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Болашақ мұражайы
БАӘ-дегі Болашақ мұражайын салуға ұзақ уақыт кетті. Дегенмен, жаңа ғимарат осы жылдың басында қонақтарға есігін ашты. Ол әлемнің ең биік ғимараты саналатын Бурж Халифадан жеті минут жердегі бизнес орталықтың жанында орналасқан. Футуристік дизайндағы ғимарат сақинаға ұқсайды. Оның ішінде заманауи капсула-лифттер, сенсор қабырғалар және мұражай ішінде серуендеуге бағыт-бағдар беретін робот-көмекшілер бар.
Дубайдағы Болашақ қорымен құрылған мұражай жасанды интеллект пен инновация саласындағы жаңа шешімдерді дайындаумен айналысады. Мұражайда көрме алаңынан бөлек, бүкіл әлемнің сарапшыларын тоғыстырған жаһандық жылыну мен болашақта тұщы судың жетіспеушілігіне қатысты мәселелер бойынша жұмыс істеуге бағытталған өз зертханасы бар. Мысалы, алғашқы экспозициялардың бірін ұсынған кезде кураторлар робототехниканың маңыздылығы мен оның адам өмірін қалай жеңілдететінін түсіндіруге тырысты.
Рио-де-Жанейродағы ертеңгі күн мұражайы
2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олипиада ойындарына қарсаңында Ертеңгі күн мұражайы ашылған болатын. Оның жобасын жасаған Сантьяго Калатрава — әлемнің түкпір-түкпірінде өзінің айрықша футуристік стильдегі ғимараттарымен танымал испаниялық архитектор.
Мұражай қаланы шығанақпен байланыстыру үшін жағалауға перпендикуляр орналасқан. Архитектордың айтуы бойынша, ол «су бетінде жүзіп келе жатқан кеме немесе құс» жасағысы келген екен.
Бірінші қабатта техникалық және әкімшілік кеңселер, кафе мен үлкен дәрісхана бар. Екінші қабатта көрмелер мен интерактивті экспозициялар орналасқан. Бұдан басқа, мұражайда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне кіретін Сан-Бенто ғибадатханасы мен манускриптеріне арналған бақылау палубасы бар.
Токиодағы Мирайкан мұражайы
Алдыңғы қатарлы ғылым мен өнер мұражайы «Мирайкан» деген атаумен де танымал. Орталықтан робототехника, жасанды интеллект және тағы басқа соңғы жаңалықтарды көруге болады. Күмбезде мұражайдың символдарының бірі - «Геокосмос» деп аталатын Жердің орбитадан қарағандағы алғашқы үлгісі орналасқан.
Мұражайдың негізгі ерекшелігі, ол бастапқыда балаларға арналған оқу орталығы ретінде құрылғанында болып отыр. Көптеген экспонаттар балаларды жалықтырып алмау үшін арнайы жасалған. Оларды тек қарап шығып қана қоймай, сонымен қатар экспонаттарды басып, бұрап, жылжытып көруге болыды. Сондықтан, мұражайға келген әрбір бала қызығушылығын жоғалтпайды және қызықты ғылыми үдеріске қатысу мүмкіндігін алады.
Мұражайда серуендеуді жеңілдету үшін мамандар алғаш рет UNI-CUB жеке мобильді құрылғыларын жасады. Қонақ құрылғыдан кез-келген бағдарламаны таңдайды, ал сол маршрутқа жауапты робот бағдарлық тур өткізеді.
Мұражайда бірнеше тұрақты экспозициялар бар. Мысалы, онда күн жүйесiн көруге, адам клеткасының құрылымымен және болашақтағы медицина мүмкiндiктерімен танысуға болады. «Гайя» дөңгелек кинотеатрында әртүрлі бейнематериалдар көрсетіледі. Атап айтқанда, мұнда тұтас ғарышты көруге болады. Сондай-ақ, Токиодағы Мирайкан мұражайы – ASIMO гуманоидтық роботын көруге болатын жалғыз орын.
А. Оралқызы