Tengrinews.kz "Қазақстанның талантты балалары" жобасы аясында жас та болса біраз жетістікке жеткен балалар туралы жазуын жалғастырады. Соның бірі – жас физик Дияр Туленов. Ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің үмітін ақтау үшін болашақта "Нобель" сыйлығының лауреаты атанғысы келеді. Дияр Павлодардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды.
Оның нақты ғылымдарға деген қызығушылығы бастауыш сыныптардан-ақ біліне бастаған. Әсіресе математиканы сүйіп оқыған. Жас таланттың сүйікті хоббиі – аэромодельдеу. Ол 7-сыныбында Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысқаннан кейін физикаға деген қызығушылығы оянған. Сол кезде алғаш рет физика бойынша республикалық олимпиададан алтын медаль жеңіп алады.
"Бала кезімнен әлемнің қалай жаратылғаны, біздің ғаламшарымыздан тыс не барлығы, галактикамызды не қоршап тұрғаны қатты қызықтыратын. Ал бұл сұрақтардың жауабын физика ғана бере алады. Физика көпшілік ойлағандай іш пыстырарлық ғылым емес. Керісінше, ол бізге беймәлім, көптеген сұрақтардың жауабын іздейтін ғылым. ХХ ғасырдың басында ғалымдар физикада ашылмаған жаңалық қалмады деп ойлады. Бірақ содан бері "Кванттық физика" мен "Салыстырмалылық теориясы" ашылды. Бұл жаңалықтар арқылы біз әлем туралы ештеңе білмейтінімізді ұқтық. Жыл сайын жауабы табылмаған сұрақтардың саны артуда. Біз барлық сұрақтардың жауабын тапқан күннің өзінде де, сенімді бола алмаймыз", – дейді жас талант.
Диярдың айтуынша, физика ол үшін жай ғана оқу пәні емес, өз-өзін дамытудың жолы. Осы ғылыммен болашағын байланыстырады. "Маған кішкентай микророботтардан бастап үлкен ғарыш зымыранына дейін қызық, олардың құрылыс материалдарын қалай дамытуды зерттеу басты мақсатым. Бала кезімде бірдеңе жасауды, оны қайтадан бұзуды жақсы көретінмін. 4-7-сыныптар аралығында ұшақ моделін құрастыратын үйірмеге қатыстым. Болашақта әлемді өзгерте алатын жаңа материалдарды жасауға өз үлесімді қосамын деп үміттенемін", – дейді жас физик.
Өткен сәуір айында Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барған Қасым-Жомарт Тоқаев, ол жердегі бір топ талантты балалармен кездесті. Сол кезде ел басшысы Диярға болашақта "Нобель" сыйлығының лауреаты болуын тілеп, батасын берген.
"Мен Президентке физика саласындағы ғалым болғым келетінін айттым. Оның тілегін болашақта жүзеге асырамын деген сенімдемін. Болашақта шет елдерде жоғары білім алып, Қазақстанға оралып, еліміз ғылымының дамуына өз үлесімді қоссам деймін" – дейді жас ғалым.
Ол Ресейде, Индонезияда, Португалия және Вьетнамда өткен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері. Жақында ғана Аустралияда өткен Азия олимпиадасынан қола алып қайтты. Азия олимпиадасы күрделі де беделді халықаралық жарыс. Биыл оған әлемнің 22 елінің жас ғалымдары қатысқан.
"Олимпиада Аделаида қаласында өтті. Қалада 8 күн болдым. Қала өте ыңғайлы һәм қолайлы. Адамдары бірі-біріне өте мейірімді, мәдениетті. Менің ойымша, бұл Аустралия менталитетінің бір бөлігі. Кетерде қаламен қимай қоштастым. Олимпиада жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Бәріне алғысым шексіз", – дейді Диар.
Халықаралық жарыстардағы жеңістер оқушыға республиканың үздік университеттерінде және шетелде оқуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Диар Ресейдің Жоғары экономика мектебінде, Назарбаев Университетінде, ҚБТУ және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу сертификаттарын жеңіп алған. Өткен жылы Павлодар оқушысы еліміздің ең үздік физиктерінің сегіздігіне кірген.
"Келер жылы мен 12-сыныпты бітіремін. Қай жоғары оқу орнына тапсыратынымды әлі шешкен жоқпын. Корея, Қытай және АҚШ елдеріндегі жоғары оқу орнындарына тапсырып көремін. Егер ол жақта бағым шаппаса, үлкен дайындықты қажет ететін Назарбаев Университетіне тапсырамын", – дейді жас физик.
Былтыр Диар достарымен бірге "Қолдау" клубын ашқан. Ол жерде жоғарғы сынып оқушылары мен төменгі сынып оқушылары білімі, тәжірибесімен бөліседі. "Мен жастарға білім бере отырып, өзім де олардан үйренемін", – дейді Диар.
Еске салайық, Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның дарынды балалары" жобасын бастаған еді, оның мақсаты - біздің, қазақстандықтардың жас дарындарымыз жайлы білсін деген ниет. Елімізде ең ақылды, өнерлі, алғыр балалар бар деп сенеміз. Егер сіздің балаңыз қандай да бір дарынымен таңғалдырса, ол жайлы оқиғаңызды бізге kids@tn.kz поштасына жіберіңіз. Сондай-ақ, сайтта көрсетілген телефондар арқылы редакцияға хабарласып, әңгімелеп бере аласыз. "Қазақстанның дарынды балалары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.