Қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бітірушіге және жалпы білім беру саласына түбегейлі жаңа талаптар қойып отыр. Бұл жайт өз тарапыннан сауатты оқытушылар мен оқытудың тың әдістеріне деген қажеттілікті арттыруда. Басымдыққа ие білім беру бағыттарының бірі - ақпараттық технологияларға негізделген оқыту мен тәрбиелеудің заманауи әдістерін дамыту, оқу орындарын тиісті құрал-жабдықтармен, электронды оқулықтармен жабдықтау, мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мұғалімдердің ақпараттық құзыреттілігін арттыру арқылы заманауи білім беру технологияларын енгізу.
Пандемия жағдайына байланысты еліміздегі білім беру үдерісі қашықтан оқыту форматында жүзеге асып жатқаны белгілі. Қашықтан оқыту үлгісінде сандық білім беру құралдарын пайдалану орынды, өйткені бұл студенттердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді, білім сапасы мен оқытушының кәсіби деңгейін көтеруге және білім беру үдерісіне қатысушылардың қарым-қатынастарын түрлендіруге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары оқу үдерісінде сандық білім беру құралдарын белсенді түрде қолданады. Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департаментіне қарасты Жаңа білім беру технологиялары институты оқытушылар мен білім алушыларға Padlet, Mentimeter, Kahoot, Quizizz, Quizlet, Miro, Trello, Microsoft // Google Forms сияқты құралдарды ұсынады. Институт тарапынан университеттің әр факультетінде қашықтан оқыту координаторлары тағайындалған. Аталмыш координаторлар факультеттерге үздіксіз ақпараттық қолдау көрсетуде. Ең бастыcы, жоғарыда аталған сандық білім беру құралдарын қолдануды университет толықтай қамтамасыз етіп, үнемі бақылап отырады. Техникалық кедергілерді болдырмау мақсатында қашықтан оқыту координаторлары арнайы видеонұсқаулықтар дайындап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Мәселен, Microsoft Office 365 ұсынған өнімдердің қатарында Microsoft Forms және Microsoft Teams құралдары бар. Оларды қолдану үшін оқытушылар немесе білім алушылар корпоративті электронды мекенжайы арқылы сервиске тіркелсе болғаны. Қазіргі таңда аралық бақылау немесе Midterm қабылдауда сандық білім беру құралдары өте ыңғайлы. Олардың көмегімен дербес немесе топтық тапсырмалар беруге, тест алуға, сонымен қатар, студенттермен ойын ойнауға болады.
Пандемия себебінен студенттер мен оқытушылардың бір-бірін тек онлайн көріп отырғанын ескерер болсақ, сандық қосалқы білім беру құралдары сабақтарды жандандырып, оқытушы мен білім алушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жәрдемдеседі. Себебі, оффлайн танысып, өзара көріспеген тұлғалар үшін сәтті байланыс орнату оңай емес. Ал, қазіргі жастар толықтай технологияға бейімделгендіктен, олармен өз тілдерінде, яғни заманауи технологиялар көмегімен қатынас орнату тиімді.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері
кафедрасының профессоры Ж.К. Ибраева
оқытушылары Г.С. Нәбиева, Қ. Жақсылыққызы