Boston Dynamics компаниясы өндірген SpotMini роботының жаппай өнімі мен сатылымы келесі жылы іске аспақ. Дегенмен, әлі де сынақ алаңында жүрген алғашқы робот Uptown Funk әніне билеп ел жұртты тәнті етті.Төрт аяқты SpotMini моделі 2016 жылы таныстырылған болатын. Бұл компания тізіміндегі ең жеңіл роботтардың бірі. Оның басқару құрылғысызсалмағы 25 килограммды құраса, толық жиынтығы 30 килограмм. Бір ғана қуаттандырғыш құралының жұмысы бір сағаттан астам уақытқа жетеді. Осы жылдың басында, нақтырақ айтсақ, ақпан айында SpotMini есік ашу қабілетін сынақтан өткізген видео желіде тараған болатын. Одан бөлек, ол баспалдақ арқылы қозғалып, сыртқы ортаның әсеріне қарамастан өзінің тепе-теңдігін сақтай алатындығымен де ерекшеленеді. Көктемде Boston Dynamics компаниясының бас директоры Марк Райберт осы жылдың аяғына дейін алғашқы жүз роботтың өндірілетінін, ал, 2019 жылдан бастап нарыққа шығатынын хабарлаған еді. Бүгінде Boston Dynamics компаниясы SpotMini роботына арналған бірнеше бағдарламаларды құрастырумен айналысып жатыр. Оны құрылыста немесе бақылаушы ретінде қолдануға болатынын алға тартады. Одан бөлек компания роботты белгілі бір бағыт бойынша қызмет ететін перспективті қызметкер ретінде өңдеп көрмек. Мысалы, Youtube арнасына компания роботты биші ретінде таныстырды. Майкл Джексонның Ай жүрісін салған роботты мақтап қоюға болады.