- Негізгі бет
- Техно
- Айқұлақ – ХV...
Айқұлақ – ХV ғасырдан сыр шертіп тұр
Дәуірімізді өткен ғасырдан ерекшелеп тұрған күн сайын жаңарып жатқан заманауи технологиялар екені даусыз. Олар уақыт өткен сайын дамып, сапасы артып, адамның игілігіне пайдаға асып жатыр. Біз күнделікті қолданатын көк экран бір уақытта бірнеше қызметті атқара алады. Дәл осындай қолайлылық тудырған компьютердің әр бөлшегін жеке-жеке талдауға болады. Бірақ, адам 100 пайыз ақпараттың тек 20 пайызын ғана есте сақтап қалатындықтан, тек негізгі бөлшектерді әңгімеге арқау етпекпіз.
Аяғына қызыл жіп байланып, екі елдің арасына хабар жеткізетін хат тасушы көгершіннің орнын электронды пошта басқалы жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Жолдаған хатың секунд өтпей керекті мекен-жайына жететін заманда өмір сүріп жатқандықтан бұл орайда @ – «айқұлақтың» маңызы жоғары. «Кімге», «кімнен» деген жолдағы ақпаратты толтырарда міндетті түрде пайдаланылатын бұл белгінің тарихына үңілер болсақ, ғаламтор жақын жылда пайда болғанымен, айқұлақтың пайдаланылып келе жатқанына 500 жылдай болған. Адам айтса сенгісіз деген теңеу орынсыз болар, бірақ бұл белгіні адамдар 500 жыл бұрын қолданды деген ақпаратқа сәл сеніңкіремейсің. Десе де, бұл тарихи шындық. ХV ғасырда өмір сүрген флорентиялық көпестердің сауда саттық кезінде алмасқан хаттарында дәл осы айқұлақ белгісі көрсетілген. Бұл таңба өлшем белгісін білдірген. Айқұлақ белгісі 12,5 килограмға тең болған.
Уақыт өте келе бұл белгі ХІХ ғасырда да белсенді түрде қолданылды. 1885 жылы атаулы таңба «American Underwood» ұйымында қаржылық есептерді жүргізуде, айырма бағамын, айырма мөлшерін көрсетуге пайдаланылды. Ал, бүгінгі әлем халқының қолданысына енген айқұлақ 1971 жылдан бастап көп пайдаланыла бастады. Оның себебі, дәл осы жылы америкалық бағдарламалаушы Рэймонд Томлинсон бұрын болмаған жаңалық жасап, тұңғыш рет бір компьютерден екіншісіне хат жолдады. Хатты жіберу барысында Рэймонд мекенжайды көрсетер бағанға бірінші осы белгіні қойып, оның артына өзінің тегін жазды. Бүгінгі күнгі электрондық мекенжайлар әлі күнге дейін дәл осы үлгі бойынша жұмыс жасайды.
Еуропада «айқұлақ» таңбасы көшелерде жол жүру белгілерімен қатар орналастырылады. Бұл таңба тұрған аймақ интернетке кіруге мүмкіндік береді. Айқұлақ белгісін әр елде түрлі атаумен атайды. Мысалы, орыс тілінде – ит, италия, француз тілінде – ұлу, норвегиялықтар шошқаның құйрығына теңейді, ал немістер маймылдың құйрығы деп атаса, қытайлықтар кішкентай тышқан дейді екен.
А. Қажиев