Қауіпсіздік белдігі, оттегі маскасы, түтіннен қорғаныс дабылы, тіпті апат болғанда шығатын қосымша есік әуе кемесінің жолаушыларына қазір табиғи нәрсе саналады. Алайда мұның бәрі борттағы қауіпсіздікті сақтау үшін бір күнде пайда болған жоқ. Әуе кемесі қауіпсіздігінің өзгеруі мен жаңаруы әдетте сынақ пен қателік арқылы жүзеге асырылады. Бұған ұшақтағы көптеген қаза да ықпал еткен. Назарыңызға авиация тарихын өзгерткен 10 ұшақ апатын ұсынамыз.
1. 9 British Airways
Апат болған жыл: 1982
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне жанартау атқылауын ескерту жүйесі қосылған.
9 British Airways ұшағындағы апатқа "Джакарта оқиғасы" деген ат берілді. Лондоннан Оклендке ұшып бара жатқан Boeing 747-236B ұшағындағы төрт қозғалтқыштың барлығы кенет сөніп қалады. Ал борт компьютері қандай да бір қауіптің бар екенін ескертпеген. Осыдан соң салон іші түтінге толып кеткен.
Жақын жерде орналасқан Джакарта әуежайының диспетчерлерімен байланысқан экипаж капитаны шұғыл қонуға шешім қабылдайды. Ұшқыштар 13000 фут төмен түскен кезде алдымен бір қозғалтқышды, содан кейін қалған қозғалтқыштарды іске қоса алды. Қуанышқа орай ұшақ сәтті қонған. 263 жолаушының барлығы аман қалған. Кейін белгілі болғандай ұшақ қозғалтқышының істен шығуына Галунгун жанартауы атқан күлдің салдары себеп болған. Күл қозғалтқыштардағы ауа ағынын бұзып, олардың қызып кетуіне және сөнуіне себеп болған. Оқиға жанартаулардың атқылауы туралы ақпаратты авиациялық қызметтерге беру керек екенін көрсеткен.
2. Air Canada 797
Апат болған жыл: 1983
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне түтіннен қорғану жүйесі, автоматты өрт сөндіру жүйесі қосылған.
Даллас-Торонто бағыты бойынша 10 миль биіктікте ұшып бара жатқан ұшақ бортындағы ұшқыштар бір нәрсе жанып жатқанын сезген. Салонды қою қара түтін басып, ұшақ төтенше жағдайға тап болады. Отыз минуттан кейін ұшақ Цинциннати әуежайына қонады. Бірақ қонғаннан кейін бірнеше минуттан кейін әуе кемесі өртеніп кетті. Борттағы 46 жолаушының тек 23-і ғана тірі қалды.
Ұшақ сынықтарын зерттеген мамандар дәретханада өрт шыққанын анықтаған. Жолаушылар мен экипаж мүшелері өртті байқамай, тек түтінді ғана көрген. Эвакуация процесінде ауа ағынының көбеюі өрттің ұлғаюына себеп болған.
Осы оқиғадан соң әуе кемесінде түтіннен қорғану жүйесі, автоматты өрт сөндіргіш пайда болып, салондағы апат кезіндегі шығатын есік арнайы белгілермен белгіленетін болды.
3. 191 Delta Air
Апат болған жыл: 1985
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне ауа райын анықтайтын арнайы құрылғы қосылған.
Lockheed L-1011 Далластағы Форт-Уорт әуежайына қонуға дайындалып жатқанда 180 метр биіктіктегі қатты желдің салдарынан құлап түсті. Әуе кемесі жерге түскесін де тоқтамай сырғанап, сағатына 400 шақырым жылдамдықпен әуежайдың су тарату мұнарасына соғылған. Борттағы 194 жолаушының 134-і қайтыс болды.
Апатты тексергеннен кейін ұшаққа ауа райын анықтайтын құрылғыны қосу керек деп шешілді. Содан 1990 жылдардың ортасынан бастап лайнерлерді ауа райы радарымен, жел бағытын көрсететін функциямен жабдықтау міндетті талапқа айналды.
4. Piper Archer және Aeromexico
Апат болған жыл: 1986
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне транспондер, TCAS II жүйесі қосылған.
Әуежайда трафикті басқарудың күшті жүйесінің болмауы және шағын ұшақтардың жеткіліксіз жабдықталуы Лос-Анджелес әуежайына қону кезінде Aeromexico DC-9 лайнері мен төрт орындық Piper Cherokee Archer II соқтығысуына себеп болды. Ұшақтар тұрғын үйлерге құлап, 82 адам қаза тапты.
Оқиғадан кейін шағын авиацияға әуе қозғалысын анықтауға көмектесетін транспондерлер мен TCAS II жүйелері енгізілу міндеттелді. Бұл құрылғылар ұшақтар соқтығысуының алдын алады.
5. 243 Aloha Airlines
Апат болған жыл: 1988
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне техникалық қызмет көрсету қосылып, қызмет көрсету талаптары күшейді.
Aloha Airlines авиакомпаниясына тиесілі Boeing 737 Хило әуежайынан Гонолулу әуежайына ұшу кезінде ұшақтың фюзеляжы кенеттен құлап, жолаушылар дауылды ауа райында және -45 градус аязда ашық аспан астында ұшуға мәжбүр болды. Лайнер Гонолулу әуежайына сәтті қонды. Тоқсан төрт жолаушы түрлі жарақат алып аман қалды, ал бір стюардесса қайтыс болған.
NTSB Ұлттық көлік қауіпсіздік кеңесі оқиғаның бірнеше себептерін анықтады. Апатқа эрозия, фюзеляж бөлігі арасындағы ақаулар, фюзеляждың зақымдануы себеп болған. Ақаулар әуе кемелеріндегі техникалық тексеруге қойылатын талаптардың күшеюіне әсер етті.
6. UA 232
Апат болған жыл: 1989
Осы оқиғадан соң ұшақтағы гидравликалық жүйедегі босату клапандарының қауіпсіздігі артты.
Апат United Airlines ұшағы Денвердегі Степлтон әуежайынан көтерілгеннен бірнеше минуттан кейін болды. Лайнердегі қозғалтқыштың ауа жетегі жүйесі зақымданды, ал оның 160 килограмм бөлшектері гидравликалық жүйеге және ұшақ қанатының бетіне зақым келтірді. Осыдан соң гидравликалық сұйықтық ағып кетіп, ұшақ басқарылмай қалды. Тек қанаттардағы екі қозғалтқыш қана жұмыс істеп тұрды.
Ұшқыштар диспетчердің нұсқауымен шұғыл қонуға әркет етті. Қону кезінде басқару рулінің істемегендігінен ұшақ қатты жел ағынына тап болып, бірнеше бөлікке бөлініп құлады. Нәтижесінде борт ұшу-қону жолағынан шығып, аударылды. Борттағы 285 жолаушының 184-і тірі қалды.
Апатқа желдеткіштің роторындағы техникалық тексеру кезінде байқалмаған кішкентай жарықшақ себеп болған. Бұл оқиғадан соң қозғалтқыштар туралы ақпарат беру процесі жетілдірілді.
7. USAir 427
Апат болған жыл: 1994
Осы оқиғадан соң басқару механизмі жетілдірілді
Чикагодан Флоридаға ұшып бара жатқан Boeing 737 ұшағы Питтсбургке қонуы керек болған. Алайда әуежайдан 10 шақырым қашықта ұшақ солға күрт бұрылып, сағатына 483 шақырым жылдамдықпен жерге құлады. Борттағы 132 жолаушының ешқайсы тірі қалған жоқ.
USAir бұл оқиғаға Boeing-ті айыптады. Олар бұған ұшқыштың қателігі себеп болғанын айтты. NTSB Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің сарапшылары оқиғаны бес жыл зерттеді. Соңында мамандар апатқа рульдегі ақау себеп деген қорытындыға келді. Бұл тұрақтандыру клапанының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты болған.
Boeing ақауды жою үшін 500 миллион доллар жұмсаған.
8. ValuJet 592
Апат болған жыл: 1996
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне өртке қарсы дабыл жүйесі қосылды
1996 жылы 11 мамырда ValuJet Airlines 592 рейсі Майамиден Атлантаға ұшты. Ұшып шыққаннан кейін тоғыз минуттан кейін ұшақтың жүк қоймасында өрт шықты. Бұл ескірген пиротехникалық оттегі генераторларының өздігінен жұмыс істеуіне байланысты болған. Ұшақ салоны әуелі түтінге толды. Ұшақтың өзі Эверглэйдс батпағына құлады. Лайнердегі 110 жолаушының барлығы қаза тапқан.
Осы апаттан кейін барлық әуе кемелерінің бақылау тақтасына өртке қарсы жүйелерді орнату міндетті болды.
9. TWA 800
Апат болған жыл: 1996
Осы оқиғадан соң ұшаққа азот жүйесі қосылды.
1996 жылы 17 шілдеде Trans World Airlines 800 рейсі Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы әуежайдан Римге ұшты. Ұшақ белгіленген бағыт бойынша Парижге қонуы керек еді, бірақ ол Франция астанасына жеткен жоқ. Ұшқаннан он екі минут өткенде Boeing 747 әуеде жарылып кетті. Борттағы 230 адамның барлығы қаза тапты.
Сарапшылар бұл террористік бомба немесе зымыран шабуылынан болған деп жорамалдады. Алайда тергеу барысында апатқа жанармай багының сыртындағы сымдардың қосылуынан шыққан қысқа тұйықталу себеп болғаны анықталған. Нәтижесінде бактың ішіндегі жанармай көлемін өлшеу жүйесіне қосылған сымға жоғары қысым түсіп, бұл жанармай багының жарылуына себеп болған.
Осы апаттан кейін ұшаққа орталық жанармай багына азотпен байытылған газ қоспасын беретін жүйемен жабдықтау міндетті болды. Бұл технология өрт қаупін және жанармай буының ұшақ цистерналарында жарылу қаупін азайтады. 2008 жылдан бастап барлық ұшақтар осындай жүйемен қамтамасыз етілді.
10. SWR 111
Апат болған жыл: 1998
Осы оқиғадан соң ұшақ қауіпсіздігіне отқа төзімді материалдарды қолдану қажеттігі артты
Swissair компаниясының SWR 111 ұшағы Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы әуежайдан Женеваға ұшып бара жатқан. Ұшып шыққаннан бір сағат өткенде ұшқыштар түтіннің иісін сезген. Экипаж ақау әуе алмасу жүйесіндегі ақаудан туындады деп ойлап, шұғыл қонуға шешім қабылдады. Бұған дейін ұшқыштар артық жанармайды теңізге төккен еді, бірақ маневр кезінде капитан ақауды сезіп, экипаж төтенше жағдай туралы хабарлаған. Осыдан кейін ұшақтағы барлық құрылғы өшіп, лайнер теңізге құлаған. Борттағы 215 жолаушының барлығы қаза тапты.
Апаттан кейін бір жыл өтіп ұшақтың барлық бөлігі теңіз түбінен шығарылды. Тергеу төрт жылға созылды, соңында апат борттағы қысқа тұйықталудан шыққан өрттен болғаны анықталды. Сымдарда қолданылатын қорғаныс материалы отқа төзімді болмаған. Бұл өрттің шығуына және барлық құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуіне себеп болған.
SWR 111 бортындағы оқиға ұшақтарды отқа төзімді материалдармен жабдықтау керек екенін көрсетті.