БҰҰ-на қарасты Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) The Guardian басылымына жарияланған есебіне сәйкес, ауылшаруашылық компанияларының пластикті пайдалануы бүкіл адамзаттың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіріп жатыр.
Ұйымның мәліметінше, бүгінге дейін топырақта мұхиттарға қарағанда көбірек микропластиктер жинақталған.
Бұл азық-түлік және ауылшаруашылық өнеркәсібінде қолданылатын миллиондаған тонна пластикке қатысты. Микропластиктер (үлкен пластмасса бөлшектері ыдырағанда пайда болады) адам мен жануарлардың денесіне тамақ арқылы түседі. Оның құрамында өлімге және патогендік ауруларға әкелетін улы қоспалар бар.
Зерттеушілер кейбір теңіз жануарлары микропластиктерден зардап шегетінін анықтады, бірақ оның басқа тірі заттарға, соның ішінде адамдарға тигізетін әсері әлі толық зерттелмеген.
Біріккен Ұлттар Ұйымы микропластикалық ластану да жаһандық алаңдаушылық туғызатынын айтты. Ұйымның мәліметінше, 2019 жылы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығында азық-түлік өнімдерін өндіруге 37,3 миллион тонна пластик пайдаланылған. Дегенмен, бұл сектордағы пластиктің аз ғана бөлігі жиналып, қайта өңделеді.