- Негізгі бет
- Техно
- Әуе апаты қаншалықты...
Әуе апаты қаншалықты жиі болады?
"Күнде көліктер соқтығысып жатыр, жол апаты көп болады" дейді ұшақта ұшудан қорықпайтындар. Ал биіктіктен қорқатындар мұны тек статистиканың "арам" ойынына балайды.
Кеше, яғни 5 мамыр күні Мәскеуден Мурманск қаласына бет алған SSJ-100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуеге көтерілгеннен кейін 28 минут өткенде ұшаққа найзағай түсіп, көптеген техникалар істен шыққан. Шереметьево әуежайына қайта бет алған "суперджет" қону барысында ұшып-қону жолағына сәтсіз түсіп, шассидің бір бөлігін зақымдап алады. Ал зақымданған бөлшектер қозғалтқышқа түскен. Осыдан кейін ұшақ өртке оранып, 41 жолаушының өмірін жалмаған.
Бұған қарамастан мамандар әуе апаты салыстырмалы түрде аз болатынын алға тартады. Дегенмен жылына бірнеше рет әлемнің түкпір-түкпірінде ұшақтар құлап жатыр. Статистикаға сенсек орташа есеппен әуеге көтерілген әрбір 100 000 ұшақтың тек біреуі апатқа ұшырайды. Бірақ барлығында адам өлімі болмайды.
Әуе апатын зерттеушілер төмендегідей дерек келтіреді:
- Әуе апатының 46 пайызы адами фактордан. Оған әуе кемесінің экипаж мүшелерінің, әуе диспетчерінің кәсібилігін жатқызуға болады;
- Техникалық ақаулардың салдарынан - 26%;
- Әуежай мен ұшу-қону жолағының сапасы нашар болғаннан 10% пайыз тиесілі;
- Әуе апатының тек 10% пайызы қолайсыз ауа-райының салдарынан болды;
- Ұшақтың әуеге бет алған не қонған сәтте болатын өртке әуе апатының 3% пайызы тиесілі;
- ӘҚҚ не әскерилердің қателігінен де ұшақтар апатқа ұшырайды - 3%;
- Тек 1% ғана лаңкестік шабуылдан апатқа ұшырайды.
Қауіпсіз ұшақтың "қауіпті" түрлері
Сарапшылар ұшақ апаты кезінде бір миллион адамның тек сегізінің ғана көз жұму мүмкіндігі бар екендігін есептеп шығарды. Мысалы, егер ұшаққа фобиясы бар кісі ұшаққа мінетін болса, әуе апатына ұшырауына 21 жыл уақыты кетеді. Мамандар осы сараптамаларды негізге ала отырып, ұшақты ең қауіпсіз көлік түріне жатқызған.
Әуе кемесі жайлы қызықты деректер:
- Бүкіл дүниежүзінде әрбір 3 секундта бір ұшақ (кез келген ұшақтың түрі) жерге қонады.
- Егер әуе апатының күндегі апатқа ұшырау мүмкіндігі 0,01% деп алатын болсақ, онда әлемде күніне кемінде 13 ұшақ апатқа ұшырайды.
- Ұшақ әрбір ұшу кезінде міндетті түрде техникалық тексерістен өтеді.
- Әуе апаты ешқашан өздігінен болмайды, себебі оған міндетті түрде белгілі бір ақаулардың топтасуы әсер етеді.
- Әлем халқының 80%-нан астамы ұшаққа ұшудан қорықса, 5%-ы ұшудан мүлдем бас тартады екен.
- Ұшаққа байланысты апатты жағдай болса, оның қызметкерлері бұл туралы жолаушыларға айтпайды. Тек апаттың бетін қайтару мүмкін емес болған жағдайда ғана айтуға құқылы.
Жан алғыш ұшақ. Неге "боинг" құлап жатыр?
Ұлыбританияның "Daily Mail" басылымы әуе кемесі туралы қарапайым халық біле бермейтін құпияларды жариялаған болатын.
- Ұшақтар кезекті сапар алдында толықтай тексеріледі. Алайда ұшақтардың ұшу алаңында ақаулары көп байқала бермейді. Нәтижесінде көбіне істен шыққан құрылғылары мен ақаулары әуеде жөнделеді екен.
- Әуеде жолаушылар секілді ұшқыштар да ұйықтайды. Әрине екеуі бірдей емес, кезектесіп. 2012 жылы ұшқыштар арасында сауалнама жүргізгенде, олардың жартысынан көбі ұшу кезінде көз шырымдарын алатынын жасырмаған. Себебі, ұшақ биіктікке көтерілген соң автоұшу "тәртібіне" қойылады. Ал ұшқыш ұшақты қондыру кезінде тың болуы керек.
- Ұшақта ауа толқындарынан болатын тербелулерден қорқатын болсаңыз, таңертеңгі ұшаққа мініңіз. Себебі, таңертең ауа толқындары ұшақтың ұшуына көп кедергі келтірмейді.
- Ұшаққа жылына кем дегенде бір рет найзағай түседі. Сол себепті барлық ұшаққа найзағай түскен деуге болады. ӘДесе де табиғаттың тосын мінезі ұшаққа аса қатты зиян келтіре бермейді.
А. Рысдәулет