- Негізгі бет
- Техно
- Астанада «HackEd» хакатоны...
Астанада «HackEd» хакатоны өтті
23-24 ақпан күндері Астана қаласында жас бағдарламашылар арасында "HackEd" хакатоны өтті. "Жастар жылының" аясында ұйымдастырылған бәсекеде қатысушылар білім беру процесін жеңілдетуге мүмкіндік беретін құрылғылар әзірледі.
Жарысқа қатысуға 40-тан астам команда өтініш беріп, соның ішінен 15 топ іріктеліп, ақтық сынға келді. Сайыс ережесі бойынша, бұл додаға 14-21 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ұйымдастырушылар талабы бойынша, топ тек екі адамнан құралу керек. Шара Еуразия Ұлттық Университетінің ғылыми кітапханасындағы Makerspace Astana шеберханасында өтті.
"Біздің компания Қазақстанда STEM саласында білім беруді дамытуға баса назар аударады. Жастардың зияткерлік капиталы мен техникалық әлеуетін дамыту да біздің негізгі мәселелеріміздің бірі. Сондықтан біз дарынды жастарға қуана көмектесіп, олардың қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге деген талпыныстарын қолдауға тырысамыз", - дейді "Шеврон" компаниясының өкілі Жанар Қошпанова.
Жастарды қолдауға арналған жобаны іске асыруға қолдау білдірген Қазақстандағы АҚШ елшілігі де шара барысында бой көрсетті. Елшіліктегі мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі атташе Энн Переллидің айтуынша, бұл жоба жаңа технология саласында болашақ білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
"Қазақстанда батыл әрі шығармашыл шешімдерді іске асыратын түрлі шаралардың саны артып келеді. «HackEd» хакатонында жастардың білім беру процесіне деген көзқарасын білу алға қойылды. Әдетте, балалар мен жастар үшін ересектер шешім қабылдайды. Сол себепті, жас буынның ойы, олардың көзқарасы елеусіз қалып жатыр. Біз бұл жобада креативке толы жастардың ойлау жүйесіне сене отырып, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді шешуді көздейміз", - дейді Энн Перелли.
Қатысушыларға Makerspace шеберханасының құрылғыларды әзірлеуге арналған материалдарын пайдалануға рұқсат берілді. Хакатонның екінші күні қатысушылар жобаларын таныстырылып, жасаған жұмыстарын ұсынды. Жеңімпаз үш команда $1800 құрайтын жүлде қорын өзара бөлісті. Бұл соманы жеңімпаздар жобаларын пысықтап, одан әрі жетілдіруге пайдалануы керек.
"Биылғы жыл – біз үшін ерекше жыл. Себебі, биыл – "Жастар жылы". Біз қазақстандық қоғамды жақсартып, ұрпақтар сабақтастығын құра алатынымызға сенеміз. Қазіргі таңда балалар ата-аналары оқыған тәсілмен оқығылары келмейді. Бізге білім беру процесіне интерактив және смарт технологияларды енгізу қажет", – дейді хакатон жеңімпазы, Mars тобының мүшесі Мырзабеков Еркін.
"HackEd" – бағдарламашылардың өзара тәжірибемен алмасуына мүмкіндік беретін және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, білікті, білімді жастарға арналған алаң.
А. Қажиев