Адамзаттың темір жол салуы дамуды едәуір жеделдетсе, жер асты темір жол – метро құрылысы қалалық көлікке нағыз революция әкелді. Қала құрылысы метро пайда болғаннан кейін одан әрі дамыды.
Алып қалаларда ең бастысы – қоғамдық көлікті дұрыс жолға қою. Бұл мәселенің оңтайлы шешімі ретінде әлемнің ірі қалаларында жерасты және жерүсті метрополитендері салынды. Бірақ метро салу оңай емес: қомақты қаражатқа қоса, көп уақытты қажет етеді. Мысалы, кезінде дүние жүзіндегі тұңғыш жер асты теміржолы – Лондон метросын салу оңай болған жоқ.
Лондондағы бірінші метро желісіндегі үшінші класс жолаушылары. Гюстав Доре гравюрасы. © Victorian Web
ХІХ ғасырдың ортасына қарай Еуропа мен Американың әртүрлі қалаларының халқы көбейіп, көшеде жүру қиынға соқты. Ол кезде автомобиль әлі ойлап табылған жоқ, қалалардың тар көшелеріне темір жол апару мүлде мүмкін емес еді.
Осы себепті қалалық көлік қызметін ат-арбалар атқарды. Көптеген атқосшы жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіретін, сонымен қатар қала көшелерін жылқы көңімен ластайтын.
Ол кезде Лондонда 2 миллионнан астам халық тұратын, қала көшелері тар, көшірлермен мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қиындай түскен. Қала көшелерімен жолаушыларды тасымалдауға арналған бірнеше жылқысы бар арнайы көлік – омнибустар енгізілген кезде тар жолдардағы кептеліс одан сайын артады.
Осы жағдайдан соң Ұлыбритания астанасында жер асты теміржол желілерін салу туралы шешім қабылданады.
Алғашқы автобус қызметін атқарған омнибустар
Темза астындағы туннель
1818 жылы француз инженері Марк Бюнель Лондонды басып өтетін Темза өзенінің астынан туннель салу жобасын жасады. Жоба 1825 жылдан 1843 жылға дейін құрылыс жұмыстарын жүргізіп, әлемдегі алғашқы жер асты туннелін салады. Ол кезде туннельдің ені 11 метр, биіктігі 6 метр болатын.
Бастапқыда туннель жаяу жүргіншілерге арналды. Кейінірек, 1865 жылы Лондонда әлемдегі алғашқы метро іске қосылғанда, қала арқылы өтетін темір жолдың бір бөлігі осы туннель арқылы өткен. Осылайша ол арқылы жолаушы және жүк пойыздары өтетін болады.
Темза астындағы туннель Лондон метросының анасы деп аталады. Ол кезде қиын жағдайда өзен астынан туннель салынғаннан кейін инженерлер жерасты темір жол құрылысы жобаларын дайындауға кірісті.
Лондон метросының құрылысы
Лондонда бірінші жер асты темір жолын салу жоспары 1850 жылы пайда болды. Ол кезде Ұлыбритания астанасында көптеген темір жол желілері болған. Қалаға алты теміржол вокзалы қызмет көрсетті. Олар: Лондон-бридж, Эстон, Пэддингтон, Кингс Кросс, Бишопсгейт және Ватерлоо.
1855 жылы Парламент заңы Metropoliten Railway деп аталатын жер асты теміржолын салуға рұқсат берді. Бұл жер асты теміржолы Пэддингтон және Кингс Кросс теміржол станцияларын Фаррингдон станциясымен байланыстыру керек еді. Бұл құрылысты қаржыландыруға ақшаны Great Western Railway компаниясы бөледі.
Құрылыс 1860 жылдың ақпан айында қаржының жетіспеушілігіне байланысты жоспарланғаннан сәл кешіктіріліп басталды. Ол кезде жер асты темір жолының құрылысын тоқтатқысы келгендер болды. Бірақ жұмысты жақтаушылар қала билігінен қаржы бөліп, құрылысқа қолдау көрсетуді сұрайды. Бұл мәселеді жергілікті адвокат Чарльз Пирсонның қосқан үлесі зор. Сондықтан бұл адамды "Лондон метросының әкесі" деп те атайды.
Пирсон қалалық көлік корпорациясын құрылысқа қаражат бөлуге көндіреді. Іс осылай басталады. Джон Фаулер құрылыс бөлімінің бас инженері болып тағайындалады. Пирсон болса, метроның бірінші желісі ашылғанға дейін бірнеше ай бұрын өмірден өтеді.
Лондон метросында туннельдер траншея әдісімен қазылған. Ол алдымен 10 метр тереңдікте қазылған. Шұңқырға рельс төселген төбесі кірпішпен күмбезделген. Содан кейін күмбездердің төбесі топырақпен жабылған.
Әлемдегі алғашқы метроның ашылуы
1863 жылы 10 қаңтарда Metropoliten Railway-дың бірінші желісі – Мetropoliten Line ашылды. Жолдың ұзындығы 6 км, жалпы 7 аялдама болды. Олар: Бишоп Роуд (бұрынғы Пэддингтон), Эджевер Роуд, Бейкер-стрит, Портленд Роуд (Грейт-Портленд-стрит), Гауэр-стрит (Юстон-сквер), Кингс Кросс (Кингс Кросс Сент Панкрасс) және Фаррингдон-стрит (Фаррингдон).
Метро ауа сорғышпен жабдықталмағандықтан, вагондарды тартатын локомотив оның ішін түтінге толтыратын. Соған қарамастан жерасты теміржолы тез арада лондондықтар үшін танымал көлік түріне айналады.
Метро алғаш ашылғанда күніне орта есеппен 26 000 жолаушыға қызмет көрсеткен. Бір жылдың ішінде ол 9,5 миллион жолаушы тасымалдады. 1864 жылы бұл көрсеткіш 12 млнға жетті.
Метро салып жатқан компания метроны Лондон тұрғындарының белсенді пайдаланғанын көріп, 1863 жылы жаңа жолдың құрылысын бастады. 1864 жылы 30 маусымда екінші желі де іске қосылып, станциялар саны 13-ке жетті.
Одан кейін түрлі құрылыс компаниялары бірінен соң бірі жаңа желілер мен жаңа станциялар сала бастады. 1890 жылдан бастап Лондон метросы алғаш рет электровоздарды пайдалана бастады.
Түрлі компанияларға Лондон метросын салуға мүмкіндік берілді. Тіпті АҚШ-тан келген инвесторлар оның бір бөлігін салды.
ХХ ғасырдың басында жеті тәуелсіз компания Лондон метросында әртүрлі бағыттарды басқарды. Сондықтан әртүрлі сызықтар бір-бірімен байланысқан жоқ.
Халық бір сызықтан екіншісіне өту үшін жер бетіне шығып, екінші сызыққа түсуге мәжбүр болды. Бұл жағдай Лондон тұрғындарына қолайсыздық туғыза бастады.
Осыдан кейін Лондон метросының әртүрлі учаскелеріне иелік ететін компаниялар келісімге келіп, оларды байланыстыруға шешім қабылдады. Осылайша, метрополитеннің белгілі бір бөлігі біріктірілген көлік жүйесіне айналады. Екінші жағынан, метрополитенді электрлендіру жұмыстары жүргізілді.
1933 жылы Лондон мэрінің шешімімен метрополитенде жұмыс істейтін барлық компаниялар Лондонның жолаушылар көлігі департаментіне біріктірілді. Кейінірек ол London Transport деп өзгертіледі.
Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Лондонда жаңа метро желілерінің құрылысы тоқтап қалды. Неміс ұшақтары Ұлыбританияның әртүрлі қалаларын бомбалағанда, үкімет 200 000 адамды уақытша баспана ретінде Лондон метросына орналастырды.
Соғыстан кейін 1948 жылы Лейбористік партияның премьер-министрі болып сайланған Клемент Этли Лондон метросын национализациялап, метрополитенді басқаруды көлік департаментіне берді.
1970 жылы қалалық әкімшілік Лондон қалалық кеңесіне берілді. 1994 жылы Лондон метросы қайтадан жекешелендіре бастады. 2000 жылдан бастап метро мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде басқарылады.
Лондон метросында паравоздар қатынауы 1961 жылы тоқтатылдыы. Бірақ тағы 10 жыл бойы оларды шаруашылық жұмыстарына пайдаланылды.
Лондон метросы туралы қызықты деректер
• 1948 жылға дейін Лондон метросы – 720 миллион жолаушыны тасымалдады. Бұл сол кезең үшін баға жетпес нәтиже еді. Бұл рекорд 1985 жылы жаңартылып, 37 жылда тасымалданған жолаушылар саны – 762 миллионға жетті.
• Лондон метросында билетсіз жүрген жолаушыларға 80 фунт стерлинг көлемінде айыппұл салынады. Айыппұл 21 күн ішінде төленсе, 50 пайызға қысқарады.
• Лондон метросындағы алғашқы эскалатор 1947 жылы орнатылды. Бүгінде метрода барлығы 426 эскалатор және 164 лифт бар. Ең ұзын эскалатор 60 метр, биіктігі 27,4 метр.
• Лондон метросы бүгінде әлемдегі ең кептеліске толы метрополитен болып табылады. Мұнда да пойыздар жиі кешігеді. Сондықтан жолаушылар метро пойыздарын күтіп, белгілі бір уақытты босқа өткізеді.
• 2010 жылы 330 000 жолаушы пойыздардың кешігуінен уақыт жоғалттық деп метро әкімшілігінен өтемақы төлейді талап етеді. Содан кейін оларға жалпы сомасы 2 миллион фунт стерлинг төленеді.
• Лондон метросындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жұмыс өте жақсы жолға қойылған. Жолаушыларға үнемі ескертулер жасалып тұрады.
• Лондон метросындағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті британдық жол полициясының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Мұндағы оқыс оқиғалардың көбі өз-өзіне қол жұмсамақ болған адамдардың кесірінен болып жатады. Бұл жерде жылына орта есеппен 50 адам өз-өзіне қол жұмсайды.
• Лондон метросы мүгедектерге жасалған жағдай бойынша соңғы орында. Мұндағы көптеген бекеттерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы баспалдақтар мен жолдар жоқ. Мүгедектер үшін басқа жағдай қарастырылмаған.
• Лондон метро станциялары да талғаммен безендірілген.
• Лондонның әртүрлі бөліктеріндегі станцияларға қаланың сол бөлігінде орналасқан әйгілі ғимараттар немесе басқа нысандар туралы таңба және ақпарат беріледі.
Мысалы, Бейкер-стритте Артур Конан Дойлдың шығармаларының басты кейіпкері атақты детектив Шерлок Холмстың суреті бар. Себебі шығрмадағы Шерлок Холмс тұрған үй Бейкер-стритте орналасқан. Осы кейіпкерге қатысты көптеген фильмнің эпизодтары да Лондон метросында түсірілген.
• Лондон метросы тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.
Пойыздар соқтығысуы Лондон метросында да орын алады. Бірінші оқиға 1938 жылы болды, онда 12 жолаушы жарақат алды.
Лондон метросында...
• Ең ұзын жол – 54,9 шақырым, Батыс Рэйслип пен Эппинг арасын жалғайды. Мұнда пойыз тоқтаусыз 1 сағат 28 минут жүреді.
• Станциялар арасындағы ең ұзын дәліз 6,26 км, Челфонт-энд-Летимер және Чешем станциялары арасында.
• Ең қысқа дәліз 260 метр, Лестер алаңы мен Ковент Гарден станциялары арасында.
• Ең ұзын эскалатордың ұзындығы Ангел станциясында 60 метр, ал ең қысқа эскалатор Стратфорд станциясында 4 метр.
• Ең терең шахта лифті 55 метр, Хэмпстед станциясында орналасқан.
• Ең терең станция - Хэмпстед, көше деңгейінен 59 метр төмен орналасқан.
• Ең жақын станция - Редбридж, көше деңгейінен 5,9 метр төмен орналасқан.
• Қаладан ең қашық станция – Эмиршем ол қаладан 38,1 км қашықтықта орналасқан.
• Ең көп жолаушы "Ватерлоо" станциясы арқылы өтеді, жылына 100 миллионнан астам.
• Лондон метросының ұзындығы – 420 шақырым, ал станциялар саны – 270.
• Бұл метроны күніне 3 миллион адам пайдаланады және Мәскеу мен Парижден кейінгі әлемдегі үшінші метро саналады.
• Лондон метросында темекі шегуге 1987 жылы, ал алкогольді ішуге 2008 жылы тыйым салынды.
• Тіпті Ұлыбритания патшайымы Лондон метросын пайдаланған. Ол 1969 жылы жаңадан ашылған Виктория бағытында құрметті жолаушы болды.
• Лондон метросында жалпы 19 000 адам жұмыс істейді.