- Негізгі бет
- Техно
- Алғашқы консервілер қалай...
Алғашқы консервілер қалай пайда болды?
Францияда ХVІІІ ғасырдың аяғында тағамды ұзақ уақытқа сақтау қажеттігі пайда болды. 1795 жылы Францияда азық-түлік қорларын ұзақ уақыт сақтау әдісін ойлап табуға конкурс жарияланды. Жеңімпазға қомақты ақшалай сыйлық пен "Адамзаттың қайырымды адамы" атағы берілетін. Бұл байқау көпке созылды. 1810 жылы Николя Аппер дейтін өнертапқыш күш-жігерінің арқасында тағамды ұзақ уақыт сақтаудың әдісін ойлап тапты. 1810 жылы ол өзінің өнертабысы үшін атақ пен 12 мың франкты Наполеон Бонапарттың қолынан алды.
Николя Аппер тағамды ұзақ сақтаудың әдісін ізденіп жатқан сәті
Ал алғашқы консервілер тағамға арналған қалайы құты ойлап тапқан ағылшын механигі, өнертапқыш Питер Дюранның арқасында пайда болды. Қазіргі дамыған консерві құтылардан айырмашылығы алғашқы консервілер қолдан жасалды және қақпағы берік, ашуға ыңғайсыз еді. 1826 жылы-ақ Британ империясы консервіні патенттеп алып, өз сарбаздарының алыс жолда жейтін азығы ретінде шығара бастады. Ал Ресейде 1870 жылы алғашқы консерві зауыты салынды.
Алғашқы консервінің беріктігі сонша - сарбаздар оны ашуға пышақ емес, балға мен қашау қолданған
Еуропа тарихындағы Belle Epoque ("алтын дәуір") сөз тіркесі – консервіге қатысты айтылған. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бұқтырылған еттің гүлдену кезеңін білдіреді. ХХ ғасырдың басында консерві тағамын дайындау дәстүрге айналды. Соғыс жылдарында консерві зауытына басты тапсырыс берушілер жауынгерлер еді. Мысалы, сол жылдары Санкт-Петербург консерві зауыты консервінің – бұқтырылған ет, ботқа, бұршақ қосылған ет, бұршақ сорпасы және қуырылған сиыр еті сынды бес түрін өндірді. Оны негізінен әскерилер сатып алатын.
1915 жылы Ресей армиясы "өз-өзін қыздыратын" деп аталатын консерві өнімін шектеулі мөлшерде шығарып, әскерлерге таратты. Бұл консервінің ерекшелігі, оны от жақпай-ақ қыздыруға болатын. Құтының төменгі жағына әк пен су бөлек орналастырылған. Қалайы құтының төменгі жағын бұраған кезде әк пен су араласып одан пайда болған реакция нәтижесінде тағам қызатын. Соғыс кезінде түтін шығармай тамақ пісіру өте маңызды еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін орыс инженері Евгений Федоровтың бұл өнертабысы, өкінішке қарай ұмытылды, бірақ бұл ерекше консервілер Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шығарылды. Кеңес Одағының тағам зауыттары негізінен елдің батысында орнасқан еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде зауыты бар қалаларды жаулап алған немістер консервіні мұндай ерекше дайындау әдісіне қатты таң қалған екен.
Қазіргі темір құтыдағы бұқтырылған еттің сақтау мерзімі 2-3 жыл болса, алғашқы өнімдердің жарамдылық уақыты мейлінше ұзақ болған. Мысалы, 1966 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер соғыс кезінен сақтап келе жатқан консервіні ғалымдарға көрсеткен. Ғалымдар бұқтырылған еттің сапасын тексеріп, оны жеуге болатынын айтқан. Демек, алғашқы консервілердің жарамдылық мерзімі 50-60 жыл болған.
КСРО-да Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін консервілер де басқа тағамдар сияқты дүкенде табылмайтын тағамға айналды. Консерві өндіру үкімет тарапынан бақылауға алынып, өнімдерді бірінші кезекте армия мен басқа әскери-өндіріс кешені пайдаланды. Оны сақтау мерзімі 3-6 жыл болғандықтан, жарамдылық мерзімі бітуге таяғанда көпшілікке сатылымға шығарылатын. Консервілер дүкенге қойылғаннан-ақ халық оны талап алып кететін. Бұл өнімді сол уақытта купондар арқылы немесе халық ішіндегі элита топтар үшін арнайы тапсырыстар бойынша алуға болатын. Жалпы, өткен ғасырдың 50-жылдарында үйінде консервіленген тағамы бар отбасы ауқатты болып саналатын.
КСРО ыдырағаннан кейін кейбір кәсіпкерлер армия қоймаларынан бұқтырылған етті алып сата бастады, ал басқалары зауыттар салып жаңа өнімдер шығарды. Стандарттар мен сапаны бақылау көптеген тәсілдермен анықталмағандықтан, қазіргі бұқтырылған еттерді сатып аларда оның жарамдылық мерзімі мен жоғары сұрыпқа, толығымен табиғи құрамға және өнімнің неден дайындалғанына назар аударған жөн.
Ал елімізде алғашықы консервілеу зауыттарының бірі Алматы қаласындағы жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін консервілеуге, ұзақ сақталатын кейбір тағам түрлерін жасауға мамандандырылған кәсіпорын – Алматы Жеміс Консервілеу Зауыты 1936 жылы құрылды. Ол 1942 жылы соғыс жағдайына байланысты Алматыға көшіп келген Симферополь консерві комбинатымен біріктіріліп, майдан үшін ет және жеміс-жидек консервілерін шығарды. Қазіргі күнде кәсіпорын құрамында 13 цех бар. Негізгілері: консервіленетін көкөніс, томат, жеміс-жидек, балалар тамағы және күнбағыс алуасы цехтары. Бұл цехтар өнімнің 80-ге жуық түрін шығарады. Кәсіпорын өз өнімдерін шетелге де экспорттайды.
Сол сияқты Ақтауда (Гурьев) 1937 жылы салынған балық-консерві комбинаты тамақ өнеркәсібінің аса ірі кәсіпорындарының бірі болған.
1992 жылы негізі қаланған отандық "Кублей" консерві зауыты қазір елімізде танымал консервіленген өнім шығаратын өндірістердің бірі саналады.
Т. Раушанұлы