Жапонияның Хаябуса-2 ғаламшараралық бекетінен бөлінген екі мини-робот Рюгу астероидына сәтті қонып, ғалымдарға алғаш рет астероид суреті мен ол жайлы мәліметтерді жіберді. Бұл туралы Жапония аэроғарыш зерттеу агенттігінің ресми сайты мәлімдеді. Хабарларға қарағанда, MINERVA-II1 роботтары 21 қыркүйек күні бекеттен шыққан. Бастапқыда олар Рюгуға 55 метр жақындықтап суретке түсірген, қазір астероидтан 20 шақырым қашықтықта орналасып, оның сыртқы қабатын зерттеп жатыр. Суреттер роботтардың қозғалыста болуысалдарынан және Күн нұрының тікелей әсерінен сапалы шықпаған. Осы уақытқа дейін MINERVA-II1 (1a және 1b) роботтары ғалымдарға 3 сурет жіберіп үлгерді. Көп күттіргеніміз үшін кешірім сұраймыз! MINERVA-II1 (1а және 1b) роботтары Рюгу бетіне сәтті қонды. Екі құрылғы да жақсы жағдайда және фотосуреттер мен деректер жіберіп жатыр. Олар астероидты зерттеуді жалғастырады, деп жазды зерттеу агенттігінің ресми Twitter әлеуметтік желісінде. Хаябуса-2 2014 жылдың 3 желтоқсанында Жапонияның Оңтүстігіндегі Танэгасима ғарыш айлағынан Н-2А зымыраны көмегімен кеңістікке шығарылған. Ол астероидтың айнала 1,5 жыл ұшып жүреді деп жоспарланған. Енді роботтар жарылғыштың көмегіменРюгуден топырақ үлгісін алып, Жерге жеткізуді жүзеге асырмақ. Ғаламшарымыздан 300 миллион шақырым қашықтықта орналасқан 1999 JU3 немесе Рюгу астероиды Жерге жақын ғарыштық денелер тобына кіреді. Ол күнді 474 күнде айналып шығады.