- Негізгі бет
- Техно
- Әлемдегі ең қымбат...
Әлемдегі ең қымбат брендтер тізімі жарияланды
Британиялық Brand Finance консалтинг компаниясы әлемдегі ең қымбат брендтердің дәстүрлі рейтингін жариялады. Кейінгі 5 жылда алғаш рет Apple брендтер тізімінде көш бастады.
Apple брендінің құны 263,3 миллиард долларға бағаланды. Компания бренд құны 200 миллиард доллардан асатын тарихтағы екінші компания болды. Amazon мұндай көрсеткішке бірінші болып 2020 жылы қол жеткізді. Джефф Безос компаниясы рейтингте 2018 жылдан 2020 жылға дейін көшбасшы болған еді.
Соңғы рет ең қымбат бренд ретінде 2016 жылы аталған Apple құны екі есе өсті. 5 жыл бұрын бұл компания 145,9 миллиард долларға бағаланған. Айта кету керек, бір жылдың ішінде бренд 87 пайызға қымбаттаған. Brand Finance бұл бағалауды брендтің технологиялық компаниялары бизнесін әртараптандырумен түсіндіреді.
Екінші орынды кейінгі 3 жылдың көшбасшысы Amazon иеленді. Брендтің құны 254,2 миллиард долларға бағаланған. 2020 жылдан бастап оның құны 15 пайызға өскен. Сарапшылардың айтуынша, Amazon пандемия мен шектеулерді пайдалана алған бірнеше компанияның бірі.
Үшінші орынды Google бренді иеленді. Ол 191,2 миллиард долларға бағаланды. Бренд бір жылдың ішінде 1 пайызға ғана қымбаттады.
"Алғаш рет Google пандемия салдарынан табыстың төмендегені туралы хабарлады. Компания табысының көп бөлігі жарнамадан келеді және бұл сегмент өткен жылғы маркетинг бюджетінің қысқаруынан қатты зардап шекті", - дейді сарапшылар.
Сондай-ақ, алғашқы ондыққа Microsoft (140,4 миллиард доллар), Samsung (102,6 миллиард доллар), Walmart (93,2 миллиард доллар), Facebook (81,5 миллиард доллар), ICBC (банк қызметтері, 72,8 миллиард доллар), Verizon (телекоммуникация, 68,9 миллиард доллар) және WeChat (әлеуметтік желі, 67,9 миллиард доллар) енген.
Жалпы, рейтингке енгізілген 500 компанияның 204-і АҚШ-тан, 75-і Қытайдан, 34-і Жапониядан, 33-і Франциядан, 22-сі Германиядан және 19-ы Ұлыбританиядан.
Бір жылмен салыстырғанда ең қымбат бренд Tesla екенін атап өткен жөн. Компания 2020 жылы 158 пайызға өсіп, оның құны 32 миллиард долларға жетті. Toyota ең қымбат автомобиль маркасы деп танылды. Жапониялық компанияның бренді 59,4 миллиард долларға бағаланған.
Т. Раушанұлы