Нидерландыда La Datcha деп аталатын әлемдегі алғашқы мұзжарғыш яхтасы құрастырылды. Яхта Tinkoff-Bank-тің негізін қалаушы ресейлік бизнесмен Олег Тиньков тапсырысымен жасалған.
Forbes ақпаратына сәйкес, яхтаны жасауға 100 миллион еуро жұмсалған. Оны қыркүйектен бастап La Datcha сайты арқылы аптасына 740 мың еуроға жалға алуға болады.
Жеке яхта Флиссинген портында суға түсірілді. 77 метрлік кемеде монша, екі тікұшақ, сноуборд, екі джакузи, сауна, массаж бөлмесі, тренажер залы және 6 каюта бар. Яхта экипаждың 24 мүшесі мен 12 жолаушыға арналған. La Datcha теңізде 40 күнге дейін жүзе алады.
"Әлем өте үлкен және біздің өміріміз соншалықты қысқа, сондықтан мүмкіндігінше зерттеу керек", - дейді Тиньков.
Кәсіпкер яхтаның 2018 жылы құрастырылатынын мәлімдеген. Ол яхтада жылына 20 күн жүзуді, ал қалған уақытта оны жалға беруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, ресейлік бизнесмен Олег Тиньковтың байлығы 2020 жылы 2,4 миллиард долларға бағаланған. Кәсіпкер лейкемиямен ауырады.