Ақтөбе қаласындағы НЗМ 11-сынып оқушысы Аян Қайырбек зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен құтқаратын UmaiAsar қосымшасын жасап шығарды. Бұл туралы diapazon жазды.
Қосымшаны Android платформасында жүктеп алуға болады, оған үш сенімді нөмірді енгізіп, геолокацияға рұқсат беру керек. Осы деректердің арқасында төтенше жағдайда адам жақындарына көмек сұрап SOS хабарламасын жібере алады және олар дабыл қаққан адамның орналасқан жерін көреді.
Қолданбаны әзірлеу кезінде автор ІІМ мен Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, хабарламалардың 102 немесе 112 телефондарына тікелей жіберілуін сұраған. Өкінішке қарай, бұл функция әлі техникалық қол жетімді емес, бірақ Аян оны тез арада қосады.
"Идея 2020 жылы карантин кезінде туды. Өйткені, сол кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп кетті. Мобильді қосымшаны жақсарту үшін мен сенімді дереккөздерден: Конституциядан, Қылмыстық кодекстен, Әкімшілік кодекстен мәліметтер жинадым. UmaiAsar қосымшасы төтенше жағдай кезінде сенімді адамдармен байланысуға көмектеседі. Тек бір батырманы басу жеткілікті", - дейді ақтөбелік оқушы.
Сондай-ақ бағдарламада Қазақстандағы дағдарыс орталықтары, құқықтық база және алғашқы медициналық-психологиялық өз-өзіне көмек көрсету жолдары туралы ақпаратты таба аласыз.
Ақтөбелік оқушы Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістанға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге барады. Шараға еліміздің барлық қалаларынан балалар өздерінің бірегей жобаларын көрсету үшін келеді.