АҚШ-тағы әрбір үшінші бала сөйлей алмаса да мобильді телефонмен немесе планшетті компьютерді қолдана бастайды екен. Бұл мәліметті американдық ғалымдар Common Sense Media зерттеу ұйымының сайтында жариялапты.
«Мұғалімдер де, ата-аналар да, мамандар да баланың дамуы барысында электронды құрылғылардың оң да, теріс те әсері бар екенін айтып отыр. Гаджеттер баланың әдебіне, оқуына, әлеуметтік дамуына тікелей әсер етеді. Сол үшін балаға құрылғылар қандай әсер береді, өміріне қаншалықты маңызды деп санайды деген аспектілерді ескеру керек және осының бәрі баланың жынысына, жасына тікелей қатысты болуы керек» деп жазады мақала авторлары.
Common Sense Media ұйымының Виктория Райдаут (Victoria Rideout) бастаған бір топ ғалымдары 2011 жылы дәл осы тақырып бойынша зерттеулер жүргізген. Екі жыл өткен соң олар екі жылдың ішінде қандай құрылғыны қай жастағы бүлдіршіндер қолданып жүргендігі туралы сараптама жасауды ұйғарған. Бұл үшін олар баласы 8 жастан аспаған 1500 отбасыны зерттеуге қатысуға шақырған. Ғалымдар ата-аналарға балаларының гаджетті қолданатын (мультфильмдер көру, видео көру, ойын ойнау т.б.) уақытын сұрастырған.
Анықталғаны, теледидар көруге, компьютермен, планшетпен немесе қалтафонмен ойын ойнау екі жасар баланың 2,5 сағатын алатын көрінеді. Телевидение әлі де баланың ең көп уақыт жоғалтатын құрылғысы саналып отыр. Оның үстіне, теледидар арқылы бала көптеген танымдық сюжеттер көреді, шамамен балалардың 61%-ы оқыту бағдарламаларын көреді екен.
Әйтсе де, дабыл қағарлық жәйт – ойын-сауыққа, жеңіл ақпаратқа құрылған жаңа гаджеттер теледидардың орнын ауыстыруға жақын екен. 38%-дан астам балалар сөйлеуден бұрын гаджеттерді пайдалана бастайды екен. Бұл дегеніңіз 2011 жылмен салыстырғанда төрт есе өскен көрсеткіш саналады. Ғалымдар бұл құбылысты планшеттер мен қалтафондардың оңай басқарылатындығымен түсіндіріп отыр.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: slando.ua