Адамдар болашағына күдікпен қараған өнертабыстар

Сыналмаған ғылыми жаңалықтың өз жолын табуы үшін көп уақыт қажет. Тарихта көптеген ғалымдардың маңызды өнертабыстары келемеж бен қарсылыққа ұшыраған жағдайлар көп болды. Бүгін адамзат игілігін көріп отырған кейбір "болашағы жоқ" өнертабыстар солардың дәлелі.

Электр шамы

Томас Эдисон ХІХ ғасырдағы ең жемісті өнертапқыштардың бірі, тек АҚШ-тың өзінде ол 1093 патент алған. Бір қызығы, ол бірінші коммерциялық табысты электр шамы арқылы тарихқа енді. Электр шамының оған дейінгі нұсқасы өте қымбат және тиімсіз болған.

Эдисонның электр шамы қатты қарсылыққа ұшыраған. Стивенс технологиялық институтының ғалымы Генри Мортон өнертабыстың "сәтсіздікке ұшырайтынын" айтқан. Британия парламентінің комитеті бұл технология "біздің трансатлантикалық достарымызға бір көзқарас... бірақ сарапшылардың немесе ғалымдардың назарын аударуға тұрарлық жаңалық емес" деген қорытындыға келген. Бірақ көп өтпей оның өнертабысы әр үйдің ішін самаладай жарық етіп тұрды.

Айнымалы ток

Томас Эдисон ғылымда қандай қарсылыққа ұшыраған болса, өзі де кейбір жаңа технологиялардың болашағына соншалықты күмәнмен қараған. Ол бүгінгі күні ең көп қолданылатын өнертабыстардың біріне қатты қарсылық көрсеткен. Бұл Тесла ойлап тапқан  айнымалы ток еді.

Айнымалы ток электрмен жабдықтаудың тиімді және ыңғайлы әдісі болғанымен, Эдисон қуат жүйелерінің жақтаушысы болды және Никола Тесланың айнымалы ток үлгісін жиі мазақ етті. Эдисон "айнымалы токқа көңіл бөлу уақытты босқа кетіру, оны ешкім ешқашан пайдаланбайтыны анық" деген бұлдыр болжам жасады. Бірақ ХХ ғасырға келіп айнымалы токтың тиімді екені дәлелденді. Айнымалы ток байланыс құрылғыларында (радио, теледидар, телефон т.б.) кеңінен қолданылады.


 
Телефон

1876 ​​жылы шотландиялық Александр Белл телефонды патенттеген бірінші өнертапқыш болды. Бұл тарихи сәт оны "қазіргі заманғы коммуникацияның әкесі" етті және ол өзінің өнертабысын сатуға кірісті.

Белл 100 000 долларға патент құқығы үшін Western Union of America-ға жүгінді. Алайда компания "құрылғыдағы анық кемшіліктерді алға тартып, оны ойыншық деп атауға да тұрмайды" деп ұсыныстан бас тартты.

Олардың әжуасынан қынжылған Белл 1877 жылы Bell телефон компаниясын құрды және 10 жылға жетпей оның өнімін 150 000-нан астам АҚШ азаматы сатып алды.

Көліктер

1899 жылы "Литерарий дайджест" журналы автомобильдер туралы: "Қазір байлар үшін сән-салтанатқа айналған қарапайым атсыз көлік болашақта міндетті түрде арзандайды және ешқашан велосипед сияқты қажет болмайды", - деп түсіндірді. Бірақ көп өтпей Генри Форд машина өндірісін жолға қойды. Бұл жолда ол да көптеген қарсылыққа ұшырады.

Детройтта Форд Эдисонның жергілікті электр компаниясына инженер қызметіне кірді. Түнде ол өз үйінің жанындағы кішігірім сарайда өзінің болашақ автомобилінің қозғалтқышын құрастырушы еді. 1893 жылы Форд түні бойы көз майын тауысқан, өзінің бірінші моторын құрастырды. Генри өзін бақытты сезінді. Ол моторды арбаға орнатты – осылайша Детройтта бірінші автомобиль пайда болды. "Жұртшылық оған қоғамдық апат ретінде қарады, себебі ол көп шу шығарып, аттарды үркітетін еді", - деп келтіреді Форд сөзін "Вокруг Света".

Бірінші жоба сәтсіз болды. Генри құрған "Детройт Автомобайл Компани" фирмасы алысқа барған жоқ – автомобильдерге сұраныс болған жоқ. Фордтың өздігінен жүретін экипажынан адамдар қорқатын еді.

1903 жылы ғана ол аңызға айналған "Форд Моторс Компаниді" тіркеді, ал өзі кәсіпорынның бас басқарушысы болды. Форд сынақ модельдерін — Ford A, Ford B, Ford C, шығара бастады, бірақ олар табысқа ие болмады. Бірақ қоғамның көптеген қарлығына сынбаған Генри ақырында қарапайым халыққа қолжетімді көліктер құрастыра бастады.

1908 жылы дәл сол қоғамдық модель – халық арасында "Қаңылтыр Лизи" деген аяулы атқа ие болған, Ford T жасалды. Бұл автомобиль нарықты дүр сілкіндіріп, XX ғасырдың басындағы Американың нағыз символына айналды.

Ғарышқа ұшу

КСРО ғарышкерлері Айға неге ұшпады?

ХХ ғасырда Кеңес Одағы ғарыш саласының көшбасшысы болды, ал Константин Циолковский зымырандар арқылы ғаламды жаулап алудың жолдарын табуға тырысты. Бұған сенбеген америкалық өнертапқыш Ли Ди Форест өткен ғасырдың 20-жылдарында: "Ғылым қаншалықты дамыған болса да, адамдар ешқашан ғарышқа ұша алмайтынына кепілдік беремін" деген екен.

"Нью-Йорк Таймс" газеті де "зымыран Жер атмосферасынан кете алмайды" деген қорытындыға келген. Алайда 1961 жылы ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан тұңғыш адам болды, ал 1969 жылы "Аполлон II" ғарыш кемесі Айға сәтті қонды.

Электромобиль

Болашағы бұлыңғыр делінген өнертабыстардың бірі Тесла ойлап тапқан электр көлігі еді. 1891 жылы алғаш рет Уилльям Моррисон электр көлігін құрастырады. Осыдан соң инженерлердің оған қызғушылығы арта бастайды. Солардың қатарында өмірі электремен тығыз байланысты Никола Тесла да бар еді.

Оның электрге қатысты ғылыми тәжірибелеріне америкалық қаржы секторының алыбы Джон Пирпонт Морган қаржылай қолдау білдіреді. Тесла электрді көлікке  пайдалану жолдарын іздей бастайды. Оның бұл ғылыми жаңалығын білген Морган мырза ақша беруден бас тартып, зерхананы өртеп жібереді. Себебі, бұл жаңалық оның мансабына нұқсан келтіретін. 

Көп қарсылыққа ұшыраған Тесла алғашқы электр көлігін 1931 жылы құрастырды. Бірақ толық құрастыруға қаржысы жетпеген. Мұнай магнаттары ғалымның бұл жаңалығын мүлдем жарыққа шығуын қалаған жоқ. Тек арадан 1 ғасыр өткеннен кейін ғана электр көліктер жанармаймен жүретін машиналарға қарағанда тиімді екеніне адамзаттың көзі жетті. Осылайша "Тесла" электр машинасы қоғамдық трендке енді.