YouTube видеосервисінің Бас директоры Сьюзен Войжитски The Guardian басылымына берген сұхбатында кей кезде балаларына смартфон қолдануға рұқсат бермейтінін айтты. Сұхбат барысында бала тәрбиелеудегі гаджет рөлі жайлы пікірін білдірді.
Войжитскидің айтуынша, ол балаларына YouTube видеохостингіне кіруге рұқсат береді. Тек үйдегі конституция заңы бойынша, белгілі бір уақыт мөлшеріне ғана.
– Мен балаларымды әрдайым қадағалап жүремін. Не көріп, не ойнайтындарына мән беремін. Олардың смартфонға телміріп, ұзақ уақыт телефоннан бас алмауына рұқсат бермеймін. Ал егер мұндай жағдай орын алса, мен олардың гаджеттерін алып қоямын. "Біз бүгін виртуал әлемнен шығып, мынау ғажап өмірде шынайы өмір сүріп көрейікші" деймін.
– Балаларымның уақыттың қадірін түсінгенін қалаймын. Мен оларға Интернетке кіруге түпкілікті шектеу қойғаным жоқ. Тек әр әрекетті өз мөлшерімен жасаса деймін. Интернетіне де кірсін, тек шектен аспасын. Балалардың бала болып аулада достарымен ойнағаны, отбасы мүшелерімен емен-жарқын әңгіме айтқаны дұрыс.
YouTube басшысы балалардың қолына смартфонды тек 11 жаста ұстату керектігін айтты. Бұл жаста баланы толық бақылауда ұстауға болады және баланың да санасына ақыл кіріп, айтқан шағымыңды қабылдай алатын деңгейге жетеді.