2019 жылдың 1 қаңтарында, Астана уақытымен 9:33-те ғаламшараралық New Horizons зонды Ultima Thule астероидына максимал қашықтықта жақындап, суретін Жерге жіберген болатын. Ultima Thule астероиды туралы кейбір мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
"Ultima Thule" дегеніміз не?
Ultima Thule Күн жүйесінің ең шетінде – Койпер белбеуінде орналасқан ерекше нысан болып, сырт пішіні жержаңғаққа ұқсайды.
NASA ғалымдарының айтуынша, ол көлемі әртүрлі екі нысанның – Ultima (шамамен 19 шақырым) және Thule (14 шақырым) объекттерінің бірлесуінен пайда болған.
Жер шарынан 6,4 миллиард шақырым қашықтықта орналасқан ерекше астероид Хабл телескопы көмегімен алғаш ашылған болып, MU69 атауымен тізімге енгізілген. Былтыр наурызда NASA интернет көмегімен көпшілікке сауалнама жолдап, оған Ultima Thule (Ғалам шекарасы) деген ат берген еді.
Ultima Thule – адамзат тарапынан жасалған ғарыштық аппарат жете алған ең шеттегі астероид болып саналады.
Айта кетейік, New Horizons зонды осы күнге дейін ғарышқа ұшырылған аппараттардың ең жылдамы. Ол 2006 жылы ашық кеңістікке шығарылып, арадан бір жыл өткесін Юпитерге максималды түрде – 2,3 млн шақырымға дейін жақындап, Жерге осы алып планетаның атмосферасы мен магнитосферасын және табиғи серіктері туралы құнды мәліметтер жіберген. 2011 жылы Уран ғаламшарының орбитасын кесіп өтіп, 2015 жылы Плутон ғаламшарына 12,5 мың шақырым жақындап, планетаның алғашқы суреттерін Жерге ұзатқан.
Осыдан соң, зонд Койпер белбеуіндегі Ultima Thule астероидын зерттеу мақсатында "ұйқы режиміне" еніп, саяхатын жалғастырған.