18 тамызда Илон Масктың Starlink компаниясы ғаламдық интернет желісіне арналған тағы 58 жерсерігін Falcon 9 зымыран тасығышында орбитаға алып шықты. Сөйтіп SpaceX желісіндегі жерсеріктер саны 595-ке жетті.
Зымыран АҚШ-тың жағалау уақытымен сағат 10:31-де Канаверал ғарыш айлағынан көкке көтерілді. Бұл – Starlink жерсеріктер желісінің 11-ші рейсі. Starlink-тің алғашқы жерсерігі 2019 жылдың мамырында орбитаға ұшырылды. Бұдан 12 күн бұрын Falcon 9 зымыран тасығышы 57 жер серігін орбитаға алып шыққан еді.
Қазір SpaceX желісіндегі жерсеріктер саны 595-ке жетті.
Starlink – бүкіл әлемді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Бұл салмағы 500 кг болатын жерсеріктерді орбитаға шығару арқылы жасалады. Байланыс жүйесінің жылдамдығы – секундына 1 Гбит.
Жобадағы интернетті 2020 жылдың соңына дейін оңтүстік АҚШ тұрғындары сынап көре алады.
SpaceX компаниясының жоспары бойынша, 12 мың жасанды жерсерігінен тұратын ғаламдық жүйе толық іске қосылғаннан кейін Жер шарының кез келген нүктесінен кең жолақты интернет байланысына қосылуға мүмкіндік тумақ. Жобаны жүзеге асыруға кететін инвестицияның жалпы құны 10 миллиард доллар деп бағаланған.