Жыл соңына дейін фин елінің Nokia компаниясы үш Android құрылғысының үлгісін ұсынбақ. Бірақ сатылымға келер жылдың басында шығарылады. Мұндай мәлімдемені компанияның Қытайдағы бөлімшесінің басшысы Майк Ван жасады.
Nokia компаниясы 2013 жылы Microsoft компаниясымен жасаған келісім бойынша 2016 жылдың төртінші тоқсанына дейін смартфондар шығармауға міндеттеме алған болатын. Ал ұялы телефондарды 2024 жылға дейін шығара алмайды. Екі компания арасында жасалған келісім шарттарында осындай тыйымдар салынған-ды.
Мамыр айында Nokia ұялы құрылғылар нарығына қайта оралатыны туралы хабарлаған.
Жаңа аndroid құрылғылардың брендін HMD компаниясы жасамақ. Ал оларды Қытайдың Foxconn компаниясы шығарады. Биылғы жылдың соңында екі премиум-смартфон жұрт назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр.
Сарапшылар Nokia компаниясының бәсекелестігі жоғары нарыққа қайта оралуы қиынға соғады дейді. Себебі компания дисплейі сенсорлы смартфондардың әлеуетін кеш бағалап, Samsung пен Apple-дың шаңын қауып қалған еді.
Дереккөз: reactor.inform.kz