АҚШ-тың Паркер планетааралық ғарыш станциясы Күн атмосферасының жоғарғы қабаттарына жеткен тарихтағы алғашқы құрылғы болды. Бұл туралы NASA ғарыш агенттігі хабарлады.
"Тарихта тұңғыш рет ғарыш кемесі Күнге жақындады. NASA Parker Solar зонды күн атмосферасының жоғарғы қабаттары – оның тәжі арқылы ұшып өтіп, Күн энергиясының бөлшектері мен оның магнит өрістері туралы мәліметтер жинады. Болашақта құрылғы Күн туралы көбірек ақпарат жинау үшін оның тәжінен өтуді жалғастырады. Паркер Күнді айналып өтіп, максималды қашықтық 3,83 миллион километрге жетеді", - деді ғарыш агенттігі.
Зонд Delta-IV зымыраны арқылы 2018 жылы Күнге ұшырылған. Салмағы 635 келі болатын зондтың өлшемі 1х3 метр және магнит өрістерін, Күн плазмасы мен энергия бөлшектерін зерттеуге арналған түрлі құрылғылармен, Күн тәжі мен желді бейнелеуге арналған камералармен жабдықталған. Паркер күнге жақындаған кезде жанып кетпеу үшін қалыңдығы 11 см көміртекті талшықтан жасалған және 1370 градусқа дейінгі температураға төтеп беретін қорғаныс панелімен жабдықталған.
7 жылдық миссия барысында зонд Күннің жанынан 24 рет ұшып өтеді. Оның негізгі міндеттерінің қатарында Күн тәжінің қызу себептерін және Күн желісінің үдеуін зерттеу болып табылады. Миссия барысында алынған деректер метеорологтарға ғарыштық ауа райының Жердегі тіршілікке әсер етуі мүмкін елеулі өзгерістерін дәлірек болжауға көмектеседі.