Microsoft Japan 4 күндік жұмыс аптасы өнімділікті арттыратынын дәлелдеді

 Microsoft Japan 4 күндік жұмыс аптасы өнімділікті арттыратынын дәлелдеді
Фото: hypertrends.com

Компанияның мәліметінше, Microsoft Japan әр жұма сайын "Work-Life Challenge Summer 2019" науқаны аясында жұмысшыларына демалыс берген. Бірақ жалақы бұрынғыдай төленген.

Бұл әрекеттер 2280 қызметкердің 90 пайызына әсер еткен. Оларға жарты сағаттан астам кездесулер өткізуге тыйым салынған және барлық мәселелерді бетпе-бет емес, мессенджер арқылы шешуге нұсқау берілген. Нәтижесінде, тиімділік яғни бір қызметкерге шаққанда келетін сату көлемі 40 пайызға артқан.

"Аз жұмыс істеп, дұрыс демалып, көп білім алу керек. Адамға өмірдегі мақсатын анықтап, биікті бағындыратын мүмкіндіктер керек. Мен қызметкерлерімнің бос уақыты 20 пайыздан аз болғанда да осындай жетістіктерге жеткенін қалаймын", - дейді Жапониядағы Microsoft президенті Тукуйя Хирано.

Айта кету керек, бұл әдіс жапондар үшін біртүрлі. Жапонияда керісінше уақытын жұмыста өткізу табиғи болып есептеледі. Бұл елде артық жұмыс істеу мен ауыр жұмыстан соң қызметкерлер қайтыс болып жатады.

2017 жылғы зерттеуге сәйкес, жапон компанияларының төрттен бір бөлігіндегі қызметкерлер орташа 80 сағаттан артық жұмыс істеген. Көп жағдайда бұл қосымша жұмысқақа ақы төленбейді. Жапонияда "кароси" деген термин болып, бұл өте көп жұмыс істеп, зорығып өлу деген мағынаны береді. Жапон азаматтары 1 жылда орташа есеппен 1713 сағат жұмыс істейді.

Осы себепті шығар,  Microsoft 4 күндік жұмыс сынағынан соң, қызметкерлердің 92 пайызы бұл тәжірибе қатты ұнағанын айтқан.

Бұдан бөлек, Microsoft 4 күндік жұмыс күні нәтижесінде 1 ай ішінде электр энергиясын 23 пайызға, қағаз шығынын 59 пайызға тежеген.

Т. Раушанұлы