Әлеуметтік желілердің ішінде бүгінде үлкен танылмалдыққа ие болып тұрғаны – Instagram. 8 жыл бұрын жарыққа шыққан бұл желінің ішінде осы күнде өзінше қыз-қыз қайнаған тіршілік бар. Бұл алаңда адамды сырттай бақылап қана қоймай, хат алмасу арқылы жаңа таныстық орнатуға, қажетті ақпаратты дер кезінде алуға, бизнес жүргізуге мүмкіндік бар. Осы артықшылықтарды пайдалана отырып, жеке брендингті дамытып, бүгінде халыққа жатталып келе жатқан адамдар қатары аз емес. Интернет кеңістігінде бүгін Криштиану Роналдудың инстапарақшасындағы оқырман саны 150 миллионға жеткені жайлы хабар тарады. Осыған дейін бұндай көрсеткішке қол жеткізген адам болған емес. Осы ақпараттың тарауына орай, назарларыңызға Instagram желісінде әлем бойынша көп оқырманы бар 35 инстапарақшаны ұсынамыз.
35-орын: Эмма Уотсон
оқырман саны: 43,6 миллион
"Гарри Поттер" фильмінде Гермиона Грейнджердің рөлін сомдаған ағылшын актрисасы Instagram желісінде сәнді заманауи киім киісімен, түрлі образдағы суреттерімен, әр түрлі тақырыпқа байланысты ойлары жазылған жазбаларымен оқырмандарын қызықтырады. Гарри Поттер фильміне небәрі 9 жасында түсе бастаған актриса парақшасындағы бір постта 19 миллионға дейін лүпіл жинаған.
34-орын: Вин Дизель
оқырман саны: 51,5 миллион
Кино саласының жарық жұлдызына айналған Вин Дизельдің келісті дене пішіміне қарап көбі оны киноға жаттығу залынан келген деп ойлайды екен. Алайда, актер бұл салаға келмес бұрын колледж театрында қызмет еткен. Білімін әрі қарай жетілдірген ол тек фильмге түсіп қана қоймай, бүгінде сценарист, режиссер, продюсер ретінде де танымал. "Форсаж" фильмінде Доминик Торетте атты кейіпкерді сомдап киносүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген актер инстапарақшасына жеке өміріне байланысты суреттерді де салып отырады. Оқырмандары оны актер ретінде ғана емес, қамқор әке ретінде жақсы таниды.
33-орын: Дрэйк
оқырман саны: 52,6 миллион
Канадалық рэпер Америка құрлығына өзінің туындыларымен бұрыннан таныс. Ал қалған 5 континетке ол былтыр "Do you love me?" әнімен танылды деп айтуға болады. Осы кезеңде рэпердің инстапарақшасындағы оқырмандар саны күрт өсті. Оның әні Instagram-да челленджге айналып, әлем бойынша оқырмандар оның әніне видео түсіріп жатты. Бұл видеолар Қазақстанға да жетіп, отандық жұлдыздардан бастап қарапайым адамдарға дейін Дрэйктің әніне биледі. Бұл жайында өткен жылы мақала жазып, сайт бетіне жариялаған да едік. Әншіліктен бөлек, канадалық азамат баскетболмен де айналысады. Өзінің айтуынша, оның оқырмандары Дрэйкті жан-жақтылығы үшін қарап жүреді.
32-орын: Дэвид Бекхэм
оқырман саны: 53,2 миллион
Әйгілі ағылшын футболшысының спорттағы мансабы 10 жыл бұрын аяқталса да, оның жанкүйерлері Дэвидті көзден таса қылған емес. Айып соққыларын орындауда сұрмергендігімен танылған футболшы өзінің парақшасына отбасын жиі салып тұрады. Үш ұлы және жалғыз қызының суреттерінің астына жазылған жазбадан оның өз отбасына қамқор әке екенін байқауға болады. Дэвид Бекхэм әлемдегі түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты да өз ойын ашық жазады. Түрлі елде саяхаттағанды ұнататын футбол жұлдызы көрген қызықтарын оқырмандарымен бөлісуді де ұмытпайды.
31-орын: Джастин Тимберлейк
оқырман саны: 53,2 миллион
2000-жылдардың басында танылған америкалық әнші Джастин Тимберлейктің парақшасы ерекше ракурста түсірілген суреттермен, креативке толы видеолармен ерекшеленеді. Сәнді киіне білетін әнші әлемдік БАҚ өкілдерінің назарында әрқашан жүреді. Әншілік өнерден бөлек, биші, продюсер, актер, композитор ретінде танылған Джастин өнер әлеміне ерте жастан енген. 2002 жылы жарыққа шыққан оның жеке альбомы 8 миллион данамен сатылған.
30-орын: Зендая
оқырман саны: 53,8 миллион
1996 жылдың 1 қыркүйегінде дүниеге келген америкалық әнші, актриса, биші, модель Зендая жасөспірімдерге арналған жазбалар жазғанды ұнатады. Бұл оның аккаунтын қарап шыққанан кейін түйгеніміз. Ол 22 жасында жеке кітабын жазып үлгерген. Дарынды актриса театрда өнер көрсетіп жүріп, Дисней продюсерлерінің назарына ілігіп, өнер әлеміне қадам басыпты. Оның есімі "Shake It Up" телесериалынан кейін таныла бастады.
29-орын: Шакира
оқырман саны: 55,8 миллион
Футбол жанкүйерлері үшін ол жай ғана "Барселона" клубының қорғаушысы Жерар Пикенің әйелі, ал миллиондаған өнер жанкүйері үшін Шакира – ешкімде қайталанбас өзіндік үнімен әлемді тамсандырған дарынды әнші. 1990 жылдары Латын Америкасын өнерімен мойындатқан Шакира келесі онжылдықта әлемді бағындырды. Ол әндері жазылған миллиондаған күйтабақ, кассета, дисктердің сатылуымен мақтана алады. Сонымен қатар, YouTube видеохостингінде де Шакираның клиптері бірнеше миллион көрілім жинаған. Жыл сайын дәстүрлі түрде жарияланатын "Әлемнің ең беделді әйелдерінің" тізіміне Шакираның есімі жылда кіреді. Әнші өз парақшасында сахнадан тыс өмірін салады. Көбіне бояусыз табиғи келбетімен суретке түсетін Шакираны оқырмандары осы әрекеті үшін жақсы көреді.
28-орын: Эллен Дедженерес
оқырман саны: 63,4 миллион
Қазақстанда стэндап жанры кейінгі жылдары ғана дами бастады. Ал Америкада бұл жанр үлкен танымалдыққа ие. Олардың өнерін көрермен жоғары бағалайды және стэндап кешіне келетін адамның саны көп болғандықтан мұндай жиындарда ине шаншар орын болмайды. Сол себепті де, әзілкеш Эллен Дедженерс Instagram-да көп оқырман жинай алды. Америкалық азаматша әзілге деген ерекше қабілетінің арқасында "Эмми" сыйлығын 11 рет ұтып алған. Ол жеке парақшасына түрлі тақырыптағы ұтымды әзілдерін үзбей салып тұрады. Арасында танымал жұлдыздардың қатысуымен дайындалған әзілдер де бар. Instagram тұтынушыларының барлығы дерлік көңіл-күйін көтеру үшін осы парақшаға жазылады.
27-орын: "Барселона" ФК
оқырман саны: 63,8 миллион
Барселона – бұл Испаниядағы көрікті қала ғана емес, ол әлемдегі танымал, брендке айналған футбол клубы. Барселоналық футболшылар қай уақытта да ұйымшылдығымен, бір-бірін түсінісуімен, жиі пастарымен ерекшеленген. Бұл клубта футболдың жарық жұлдызы Лионель Мессидің есімі қалыптасты. Клубтың әр ойыншысы бүгінде жеке дара жұлдызға айналғандықтан, "Барса" жанкүйерлері бұл парақшаға ойыншылардың алаңнан тыс әрекеттерін көру үшін күн сайын кіреді.
26-орын: Victoria’s Secret
оқырман саны: 64 миллион
Бұл – әйел адамдарға арналған парақша. Бұнда киім-кешек тауарларының суреттері жарияланады. Бүгінде киім брендіне айналған Victoria’s Secret америкалық кәсіпкер Рой Реймондтың бастамасымен пайда болған.
25-орын: "Реал Мадрид" ФК
оқырман саны: 67,2 миллион
Футбол клубтарының арасында ең көп жүлдесі бар бар команда – "Реал Мадрид". Испания чемпионатынан бастап Чемпиондар Лигасында да фаворит саналатын спорттық клубта Пушкаш, Ди Стефано, Роналдо, Зидан, Криштиану Роналду (олардың тізімі өте көп) сияқты футболдың нағыз марқасқалары доп тепкен. Бұл команданың аталған желідегі ресми парақшасы болғандықтан, мұнда көбіне ойыншылардың жаттығу кезіндегі фотосуреттері салынады.
24-орын: Кевин Харт
оқырман саны: 67,4 миллион
Харт мырза біріншіден – комедия актері. Қазіргі уақытта продюсер, сценарист ретінде де жобаларды жүзеге асырып жүр. Сонымен қатар, ол жоғарыда айтып өткен Эллен Дедженерестің әріптесі. "Стэндап" жанрындағы оның әзілдері желіде белсенді тарап жатады. Ол жаңа әзілдерді шығару үшін парақшасындағы оқырмандарымен жақсы байланыс орнатады.
23-орын: Рианна
оқырман саны: 66,6 миллион
R&B жанрында ән айтатын әнші "Грэмми" сыйлығын 8 мәрте иеленіп, "Цифрлы дәуірдің әншісі" атағына ие болған. Барбадос мемлекетінде туылып, Америкада өнер жолын бастаған Рианна өзінің парақшасын белсенді жүргізеді.
22-орын: Деми Ловато
70,8 миллион
Америкалық әнші әрі актриса Деми Ловато жеке парақшасын сауатты жүргізеді. Ол көбіне достарымен бірге түскен суреттерін салады. Одан бөлек, түрлі үй жануарларымен түскен суреттері де жетерлік.
21-орын: Кортни Кардашьян
оқырман саны: 71,8 миллион
2007 жылдан бастап эфирде көрсетіліп келе жатқан "Кардашьяндар отбасы" реалити шоуының қатысушысы, актриса, фотомодель Кортни өзінің парақшасына басқа да сіңлілері сияқты өз өмірінің жарқын сәттерін салып отырады. Оның сіңлілерінің парақшалары да Instagram-да танымал.
20-орын: Кэти Перри
оқырман саны: 74,5 миллион
Америкалық әнші, актриса, композитор Кэти Перриді 2012 жылы Billboard басылымы оны жылдың ең үздік әйелі деп жариялады. Сонымен қатар, ол ең табысты әншілердің қатарына кіреді. Forbes журналының хабарлауы бойынша, 2016 жылы оның табысы $135 миллионнан асқан.
19-орын: Майли Сайрус
оқырман саны: 78,9 миллион
АҚШ-тан шыққан кезекті әнші, актриса – Майли Сайрус. Оның парақшасы ашық түстерге толы. Ол өз эмоциясын оқырманына жасырмай көрсетеді. Кейде оның еркін қылықтары оқырмандарға ұнамай қалып жатады.
18-орын: Nike
оқырман саны: 83,5 миллион
Сапалы спорттық киімдерімен дараланатын ірі компания әлеуметтік желіде де белсенді жұмыс жасайды. Әрқашан өз аудиториясымен тығыз байланыс орнату үшін креативке толы посттар салынады. Nike парақшасында танымал спорт жұлдыздарының суреттері мен видеолары көп. Соңғы посттарында 2018 жылы футболдан Ресейде өткен Әлем Чемпионатында чемпион атанған Киллиан Мбаппенің суреттері жиі жарияланып жүр.
17-орын: Дженнифер Лопес
оқырман саны: 84,4 миллион
Америка әншісі, актриса, продюсер, бизнесвуменнің аккаунты "Джей Ло" деп аталады. Мұнда ол көбіне сахнада өнер көрсеткен сәттерін, жаңа әндерді дайындау процесін салады.
16-орын: Хлои Кардашьян
оқырман саны: 84,6 миллион
Жоғарыда айтып өткен Кортнидің сіңлі парақшасына көбіне гүлмен түскен, танымал өнер жұлдыздарымен түскен сэлфи суреттерін салады.
15-орын: National Geographic
оқырман саны: 96,5 миллион
Жұлдыздардың өміріне, ақша, танымалдық, бизнес сиқты ұғымдарға мүлде қатысы жоқ тізімдегі жалғыз аккаунт – National Geographic. Бұл – тірі табиғаттағы оқиғаларды, адам күнделікті өз көзімен көре алмайтын сәттерді видео, фото түрінде жариялайтын парақша. National Geographic-тің аты алысқа кеткен. Ол бүгінде өз атауын брендке айналдырып үлгерді. Мұнда журналға, эфирге шықпайтын материалдар да жарияланады
14-орын: Ники Минаж
оқырман саны: 97,1 миллион
Америкалық рэпер өз парақшасын белсенді жүргізетін жандардың қатарында. Ол қазіргі уақытта әлемдегі ең бай 30 рэп орындаушысының тізіміне кіреді.
13-орын: Кендалл Дженнер
оқырман саны: 101 миллион
Кардашьяндар отбасының тағы бір мүшесі – Кендалл Дженнер. Осы уақытқа дейін бірнеше телесериалда бой көрсеткен. Сонымен қатар, актриса, модель ретінде де өзін сынап көріп жүр.
12-орын: Джастин Бибер
оқырман саны:103 миллион
Бала күнінен өнер әлеміне қадам басқан канадалық әнші көбіне R&B жанрында ән айтады. Джастин жиі болмаса да, арасында комикс суреттерді, қарындашпен салынған қарапайым суреттер салып тұрады.
11-орын: Лионель Месси
оқырман саны:105 миллион
Аргентиналық футбол жұлдызының парақшасын 105 миллион адам оқиды. Лео басты суретке отбасымен түскен суретін қойған. Ал маңызды сторилерге "отбасы" деген жеке бөлім ашыпты. Осыған қарап, Мессидің әлеуметтік желіде отбасылық суреттерді жариялауға көп мән беретінін байқауға болады.
10-орын: Неймар
оқырман саны: 109 миллион
Оның жеке профиліндегі сипаттамасында "Мен футболды сүйемін" деген жазу бар. Бұл жігіт жас болса да өзінің ерекше стилін қалыптастырып, әдемі қимыл-қозғалысына тән болатын жанкүйерлерді жинай алды. Сол үшін 109 миллион адам оның парақшасын қарап жүреді.
9-орын: Тейлор Суифт
оқырман саны: 113 миллион
Америкалық әнші, актриса Тейлор Суифт Forbes журналы таратқан ақпарат бойынша, 2017 жылы ең бай әншілердің ішінде екінші орында тұр. Ол көбіне парақшасына сахнада ән айтып тұрған сәттерді салады.
8-орын: Бейонс
оқырман саны: 122 миллион
Бейонс – Америкадан шыққан танымал әнші, актриса, продюсер, биші. XXI ғасыр басында аты шыққан әнші әлі күнге дейін танымалдығынан айырылған жоқ.
7-орын: Кайли Дженнер
оқырман саны:123 миллион
Кардашьяндар отбасындағы Кайли парақшасына әрлеу бөлмелеріндегі суреттерін, керемет дизайнмен жасалған коллаждан салғанды әдетке айналдырған.
6-орын: Ким Кардашьян
оқырман саны: 124 миллион
Кардашьяндар отбасының тағы бір мүшесі Ким жеке парақшасын сән әлеміне қатысты контентпен толтырады.
5-орын: Дуэйн Джонсон
оқырман саны: 127 миллион
Бірнеше фильмде басты рөлді сомдаған америкалық киноактер ерекше спорттық дене пішінімен көрерменге жатталған. Оны достары және оқырмандары "Скала" деп те атайды. Дуэйнді кино саласына әкелген екінің бірінде бола бермейтін жарасымды бұлшық еттері. Актер парақшасына көбіне видео салғанды жөн көреді.
4-орын: Ариана Гранде
оқырман саны: 141 миллион
Америка эстрадасының жарық жұлдызы әншілік өнерден бөлек актриса ретінде де танымал. Ол түрлі мультфилмдердегі кейіпкерлерді дыбыстайды. Телесералдарға түсіп, түрлі шоуларға белсенді түрде қатысады. Оның парақшасынан ұтымды айтылған ойларды, сол афоризммен сәйкесетін суреттерді көруге болады.
3-орын: Селена Гомез
оқырман саны: 144 миллион
2002 жылы өз мансабын бастаған америкалық әнші әлеуметтік желіде аса танымал. 26 жастағы өнерпаз аккаунтына әзіл видеоларды жиі салып тұрады. Алайда, күнделікті қызық сәттерді оқырмандарымен бөлісуді әдетке айналдырған Селенаның парақшасына 2018 жылдың қыркүйек айынан бері бір де бір сурет салынбапты.
2-орын: Криштиану Роналду
оқырман саны: 150 миллион
Футбол алаңында ғана емес, жалпы өмірде де халықтың назарынан тыс қалмайтын танымал футболшының оқырмандары күні кеше 150 миллионға жетті. Жасыл алаңда жасындай жарқырайтын Роналдудың парақшасы да белсенді жұмыс жасап тұр. Мұнда спортшы көбіне алаңдағы суреттерін, отбасылық естеліктерін салып отырады.
1-орын: Instagram
оқырман саны: 273 миллион
Бұл – Instagram әлеуметтік желісінің ресми парақшасы. Бұл жерде авторлық суреттерді жариялауға болады. Парақшада түрлі тақырып бойынша топтастырылған сапалы суреттер толып тұр.