Forbes денсаулық сақтау саласындағы 50 жаңа миллиардерді атады

Әлемде коронавирус өршіп, пандемия басталғаннан бері денсаулық сақтау саласында 50 жаңа миллиардер пайда болды. Олар коронавирус вакциналары, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге арналған ыдыс жасайтын компанияларға иелік етеді.

Бұл адамдардың дәулеті коронавирусқа қарсы егілетін вакциналар акциясының өсуіне байланысты артқан. Жаңа миллиардерлердің көпшілігі вирустың алғашқы ошағы болған Қытайда тұрады.


Пандемия кезінде миллиардер болған бірқатар кәсіпкерлер тізімі: 

Угур Шахин – BioNTech неміс биотехнологиялық компаниясының бас директоры. Компания АҚШ-тың Pfizer компаниясымен бірге 95 пайыз тиімді коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты. Компания акцияларының бағасы жыл басынан бері 160 пайызға өсті. Осының арқасында BioNTech-тің 17% акциясына иелік ететін Шахиннің байлығы 4,2 миллиард долларға артты.

Стефан Бансель – Moderna компаниясының бас директоры, АҚШ. Компания коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты. Бұл вакцина да Pfizer вакцинасы сияқты, АҚШ-та қолдануға рұқсат етілді. Moderna акциялары жыл басынан бері 550 пайызға өсті. Bansel-дің активтері 4,1 миллиард долларға бағаланды.

Юань Липин – Шэньчжэнь Кангтай биологиялық өнімдерінің бас директоры Ду Вейминнің бұрынғы әйелі. Ол күйеуімен ажырасқаннан кейін Қытайдағы жетекші вакцина шығаратын компанияның 24 пайыз акциясын иемденді. Жыл басынан бері компания акцияларының бағасы 90 пайызға, ал Юаньнің байлығы 4,1 миллиард долларға дейін өсті.

Ху Кун – Қытайдың Contec медициналық жүйелерінің басшысы. Компания медициналық құралдарды, оның ішінде набулизаторларды, стетоскоптар мен тонометрлерді шығарады. Тамыз айында Ху Кун компанияны Шэньчжэнь қор биржасына шығарды. Ол компания акцияларының шамамен 50 пайызына иелік етеді. Акциялардың бағасы IPO-дан кейін 150 пайызға өсті. Оның қазіргі байлығы 3,9 миллиард долларға бағаланған.

Карл Хансен – канадалық AbCellera компаниясының бас директоры. Компания жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларын және антиденелерді қолдана отырып емдеудің ең перспективалы әдістерін іздейді. Forbes Хансеннің байлығын 2,9 миллиард долларға бағалаған.

Тимоти Спрингер – Moderna компаниясының негізін қалаушы. Компаниядағы оның үлесі – 3,5 пайыз.  Жеке байлығы – 1,6 млрд доллар. Сонымен қатар, Спрингер басқа да бірқатар биотехнологиялық компанияларға қаржы құйып келеді.

Серхио Стеванато – итальялық Stevanato Group компаниясының бас директоры. Компания әйнек флакондарын өндіру бойынша әлемде екінші орында келеді. Компания шығарған контейнерлер 40-тан астам коронавирусқа қарсы вакциналарға қолданылады. Стеванатоның байлығы 1,8 миллиард долларға бағаланған.

Бұған дейін Forbes 2020 жылы 2200-ден астам миллиардерлер бір жылда 1,9 триллион долларға байып, олардың жалпы дәулеті 11,4 триллион доллар болғанын мәлімдеген еді.