- Негізгі бет
- Техно
- Boeing ұшақтарының ең...
Boeing ұшақтарының ең ірі 5 апаты
Жақында Boeing корпорациясының атқарушы директоры Деннис Мюлленбург директорлар кеңесінің шешімімен қызметінен кетті. Ол компанияда 34 жыл жұмыс істеді. Оның компаниядан кетуіне 2018 жылы қазанда және 2019 жылы наурызда болған 737 MAX лайнерінің апаты себеп болған.
2018 жылы 29 қазан күні Джакартадан Панкалпинанг қаласына ұшқан Boeing 737 MAX 8 ұшағы 13 минуттан кейін радардан жоғалып кетті. Ұшақ апатқа ұшырап, борттағы барлық 181 жолаушы (178 ересек пен 3 бала) мен 8 экипаж мүшесі қаза болды. Апат себебі әлі нақтыланбады, тек тұжырым бар. Ең негізгі себеп – жылдамдық сезбегінің істен шығуы.
Ал 2019 жылы 10 наурызда Аддис-Абебадан Найробиге бағыт алған Boeing 737 MAX 8 ұшағының ұшқышы әуежайға кері қайтуға сұраныс жібереді. Содан үш минут өткенде ұшақ радардан көрінбей кетті. Борттағы барлық 157 адам қаза болды.
Тарихта бұлардан да ірі апаттар болған. Massaget порталы Boeing ұшақтарының ең ірі 5 апатын жинақтады.
Әлемдегі ең ірі әуе апаты
583 адамның өмірін жалмаған апат Канар аралдарында 1977 жылы 27 наурызда болды. Әуежайдың ұшу-қону жолағында бірден екі Boeing 747 ұшағы соқтығысты. Оқиға алдында Гран-Канария әуежайында теракт болып (ешкім зардап шекпеді), диспетчерлер ұшып келетін ұшақтардың барлығын ең жақын орналасқан Лос-Родэосқа жібере бастады. Төрт сағаттан кейін Гран-Канария әуежайы ашылып, күте-күте шаршаған экипаждар тұман басқан Лос-Родэостан кетуге асықты. Ұшу-қону жолағына ең жақын орналасқан KLM (KL4805) және Pan Am (PA1736) компанияларының ұшақтары еді. KL4805 жолақтың басына дейін барып, кері айналып ұшуға дайындалып жатты. Америкалық PA1736 ұшағы диспетчерлерден KL4805 артынан жүріп, екінші жолаққа шығуға нұсқау алған.
Испан диспетчерлерінің ағылшынша акценті болған, оның үстіне ұшқыштар бір-бірінің сөзін бөліп, дұрыс қарым-қатынас жасамаған. Сондықтан KL4805 экипажы диспетчердің сөзін басқаша түсініп қалып, ұшуға екпін алып, жылдамдығын арттыра бастайды. Ал PA1736 ұшағы әлі де бірінші жолақта келе жатқан еді. Нәтижесінде екі ұшақ та тұманның әсерінен бірін-бірі көрмегендіктен бұрылып үлгермей, бетпе-бет соқтығысады.
KL4805 бортындағы барлық 234 жолаушы мен 14 экипаж мүшесі қаза болды. Ал PA1736 ұшағындағы 274 адамның 61-і аман қалған.
Токиодағы трагедия
1985 жылы 12 тамызда жапондардың Обон мейрамы қарсаңында Ханэда әуежайында абыр-сабыр болып жатты. Курортқа, отбасына асыққан адам көп. Ұшақтарда бос орын жоқ. Japan Air Lines компаниясына тиесілі Boeing 747 бортында 509 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі болған.
Басында барлығы жоспар бойынша болды: JAL123 борты ұшу-қону жолағына шығып, ұшуға рұқсат алып, аттанды. 12 минуттан кейін 7200 метр биікте ұшақтың артқы вертикал стабилизаторы ажырап ұшып кетіп, салондағы қысым түсе бастайды. Ұшақты басқару қиындай түсті.
32 минут бойы экипаж ұшақты сақтап қалуға барын салды. Ұшақ біресе бағытынан тайып, біресе қайта қалпына келіп тұрақсыз күйге түскен. Бірақ физика заңын бұзу мүмкін емес. Оцутакава тауына соғылмай өтуге тырысқан экипаж лезде газды басқан. Өкінішке орай ұшақтың тұмсығы көтеріліп кетеді. Нәтижесінде басқаруға жарамай қалған ұшақ үлкен жылдамдықпен таудың орманды бөктеріне барып соғылады.
Апаттың координаталары 20 минуттан кейін анықталған. Ал құтқару қызметінің бірінші экипажы 14 сағаттан кейін келген. Сарапшылар анықтағандай, біраз жолаушы суықтан, жарақаттан қаза болған. Дегенмен біразы 10 сағат бойы тірі болған екен. Бірақ 524 адамнан тек екі ересек адам мен екі бала тірі қалған.
Стабилизатордың ажырап ұшып кетуіне сапасыз жөндеу жұмысы себеп болған. Тергеу жұмыстарында белгілі болғандай, трагедиядан бірнеше жыл бұрын JAL123 борты қонған кезде артқы бөлігі жерге соғылған. Кейін ол дұрыс жөнделмеген екен.
Апаттан кейін Japan Air Lines трагедияны өз мойнына алып, оның директоры отставкаға кетті, ал техникалық бөлімнің басшысы апаттан кейін қарнын жарып, өзіне қол жұмсап қайтыс болды.
Әуеде соғысқан ұшақтар
Канар аралдарындағы апатқа қарағанда мұнда қаза болғандар саны аздау – 349 адам.
1996 жылдың күзінде Saudi Arabian Airlines компаниясына тиесілі SVA763 (Boeing) рейсі Делиден Сауд Арабиясына келе жатқан. Бортта 289 жолаушы болған. Ал KZA1907 (ИЛ-76) рейсі Шымкенттен Делиге бара жатқан.
KZA1907 "Боингке" қарсы келе жатқандықтан, диспетчер ИЛ-76-ға эшелоды өзгертуге бұйырады. Пилоттар ағылшын тілін нашар білгендіктен "Боингтен" 300 метр алыстаудың орнына SVA763 борты орналасқан эшелонға түсе бастайды.
Ұшақтар ақыры 4109 метр биіктікте соқтығысты. Үнді диспетчері жоспарлағандай KZA1907 борты 300 метр биікте емес, "Боингтан" 3 метр төмен ұшқан.
Апаттан кейін 6 адам тірі болған, бірақ алғашқы көмек келгенше жан тапсырған.
Тыныш апат
2004 жылы 8 наурызда Malaysia Airlines компаниясының Boeing MH370 ұшағы Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алды. Бортта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Ұшақ ұшқаннан кейін диспетчермен байланыста болған. Ешқандай проблема, қалыптан тыс жағдай туралы айтылмаған. Бірақ 37 минуттан кейін экипаж диспетчермен байланысты үзеді де, ұшақты батысқа қарай бұрады.
MH370 транспондерді өшіріп, 100 минуттан кейін радардан жоғалып кетеді. Экипаждан ешқандай хабар жоқ. Жеті сағаттан кейін әуе компаниясы ұшақтың жоғалып кеткенін ресми хабарлады.
Лайнерді іздеуге 26 мемлекеттің құтқару қызметі, ғалымдары кіріседі. Арнайы комиссия жоғалған ұшақтың құлаған жерін табуға барлық тәсілді қолданды, тіпті борттағы жолаушылардың iPhone-дары арқылы іздейді. Бірақ іздеу жұмыстарынан пайда болмады. Ұшақ әлі күнге дейін табылмады. Оны іздеуге қазірге дейін 150 миллион доллар жұмсалған. MH370 ұшағын іздеу авиация тарихындағы ең ірі операциясы деп танылды.
Ұшақтың жоғалып кету себебі ресми расталған жоқ. Дегенмен ұшаққа теракт жасалды немесе ұшақ істен шықты деген тұжырымдар бар.
Эшелоннан ауытқыған Boeing
1996 жылы 17 шілдеде TWA компаниясына тиесілі Boeing 747 ұшағы Нью-Йорктен Римге аттанып, әдепкі рейсін орындай бастады. Бірақ 11 минуттан кейін ұшақ экипажы байланысқа шықпады. Ұшақ әуеде жарылып, Атлант мұхитына құлаған. Борттағы барлық 230 адам қаза болған.
Алғашқыда апаттың себебі теракт деп тұжырымдалған еді. АҚШ-тың федерал тергеу бюросы іс жүргізді. Бірақ теракт туралы ешбір дәйек табылмады.
Апаттың негізгі себебі – орталық бактың жарылуы.
Massaget.kz