- Негізгі бет
- Техно
- "Ashyq" қосымшасы қалай...
"Ashyq" қосымшасы қалай жұмыс істейді?
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында пилоттық режимде "Ashyq" қосымшасы жұмыс істей бастады. Оның негізгі функциясы, халықты коронавирус қауіпінен қорғау және бизнеске шектеу шарасы уақытында жұмыс істеуге мүмкіндік беру.
Қызметі шектелген қоғамдық орындарға "Ashyq" мобильді қосымшасындағы QR-кодты көрсету арқылы кіруге мүмкіндік береді. Қосымшада қызыл, сары, көк және жасыл мәртебелерге бөлінетін тәуекел дәрежесін көрсетеді.
Қызыл – амбулаториялық бақылаудағы адамдарға беріліп, үйде оқшаулануы қажет екенін көрсетеді.
Сары – қозғалысты ішінара шектеу, яғни пациентке үйден оқшаулау режимін сақтайтын жерден 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етіледі.
Көк – ПТР міндетті болатын орындардан басқа (мысалы, әуежайда) қозғалысқа ешқандай шектеулер жоқ.
Жасыл – қозғалыста ешқандай шектеулер жоқтығын білдіреді. Бұл пайдаланушы деректер қорында COVID-19 теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде көрсетілген.
Аталған мәртебелерді көрсету бизнеске өз қызметін жалғастыруға көмек беріп қана қоймай, өзге келушілерге қауіптің алдын алады. Келушілерде смартфон болмаған жағдайда қосымшада үй-жайға кіруді бақылайтын қызметкерлерге арналған функция бар, олар келушінің мәртебесін ЖСН немесе жеке куәлікте орналасқан штрих-кодты сканерлеу арқылы тексере алады.
Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл қосымша қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын бұзады деген алаңдаушылық білдірді. Дегенмен мобильді қосымшаның міндетті шара емес екенін ескеру қажет.
Мұндай тәжірибе өзге елде де бар. Оның ішіне Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Греция, Кипр және Ресей жатады. Қызмет бабымен Түркияның Стамбұл қаласында жүрген Шаттық Қосыбаева осыған ұқсас мобильді қосымша жайлы айтып берді.
"Түркия HES Code деп айтады. Пандемия басталғалы халық осы мобильді қосымшаны қолданып жүр. Оның ішінде адам туралы барлық ақпарат қамтылып, жеке код беріледі. Қосымшаның мақсаты – коронавируспен ауырған адамдарды бақылау"
Шаттықтың айтуынша, Түркия халқы HES Code қосымшасын бірден үйреніп кеткен. Қарсы шыққандар болмады дейді.
"Бастапқыда HES Code ұшаққа, қала аралық автобусқа отыру үшін қажет болатын. Алайда жазда коронавирус қайта белең алып, ушыға түскен соң барлық ойын-сауық орталығына, тамақ ішетін орындарға, тіпті, автобус пен метроға кірерде HES Code көрсету міндетті"
Смартфоны жоқ адамдар жеті санды кодты көрсетіп, қалаған жеріне кіре алады екен. Ал егде жастағыларды үкімет өз қамқорлығына алған.
"Әдетте қарт адамдар смартфон қолданбайды. Сондықтан олардың жүріп-тұруына кедергі көп болды. Дегенмен 65 жастан асқандарға көшеге шығуға болмайды. Барлық керек-жарақты арнайы құрылған жедел желіге хабарласып, үйге алдыруға болады".
Ал Оңтүстік Кореяда сәл жеңілірек екен. Бұл туралы Сеулде жоғары оқу орнында оқып жүрген Әсел Жұмабек әңгімелеп берді.
"Кореяда өткен жылдан бері QR-код жүйесі бар. Үлкен ойын-сауық орталығына, мейрамханаға кірерде нөмірге тіркелген QR-кодты көрсету қажет. Егер менімен бір жерге коронавирус жұқтырған адам кірсе бірден мобильді қосымшаға хабарландыру келеді"
Кореяда QR-код арқылы коронавирус жұқтырғандарды бақылап, оның кейінгі 2 аптада қайда болғаны жайлы ақпарат жинайды.
"Егер біреуден коронавирус анықталса онымен кездескен не байланыс жасаған адамды анықтау жеңіл әрі тез. Сондықтан Корея халқы бұл қосымшаның бірінші кезекте өзіне керек екенін түсінді. Кез келген жерде өзіңді қауіпсіз сезіну үшін QR-кодтың маңызы бар".
Пилот режимінде сыналып жатқан отандық "Аshyq" мобильді қосымшасында техникалық олқылықтарды жойып, интерфейсті жақсарту жұмыстары жүріп жатыр.
А. Рысдәулет