АҚШ-тың Калифорния штаты, Пало-Альто қаласында тек Apple компаниясының өнімдерін сататын дүкенге шабуыл жасалған. Алғашқы шабуыл 22 қыркүйек күні кешкі 7 шамасында жасалған. Жергілікті полиция қызметінің таратқан ақпараты бойынша, ұрылар бас-аяғы 57 мың долларды құрайтын техниканы жымқырған. Бұл оқиғаның ізі суымай 23 қыркүйек күні таңғы 5:50-де дүкенге тағы бір шабуыл жасалды. Әйнек қабырғаны сындырып кірген ұрылар бұл жолы 50 мың доллардың техникасын әкетіпті. Оқиға орын алған бұл Пало-Альто қаласында Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс көзі тірісінде бірнеше жыл тұрған еді. Дәл осы оқиға АҚШ-тың басқа қалаларында да қайталаныпты. Қолды болған техникаларды ұрылар тек қосымша бөлшек ретінде ғана пайдалана алады. Компания өкілдері ұрланған техниканың барлығын дерлік бұғаттады.