Apple сәуір айының ортасынан бастап iPhone және iPad-қа арналған App Store дүкеніндегі Telegram қосымшасының жаңартуларына бұғат қойды. Бұл жайлы Telegram мессенджерінің ресми парақшасындағы жиі қойылатын сұрақтар бөлімінде хабарланды. Хабарламада: Өкінішке орай, Apple компаниясы дүниежүзі бойынша дүкендегі мобильді қосымшаның жаңартуларына бұғат қойды. Ал Play market сөресіндегі қосымша өз жұмысын жалғастыра береді. Android тұтынушылары үшін GDPR 4.8.9 жаңартуы жарыққа шықты деп жазылған. 16 сәуірден бастап Ресейдің ақпараттық технологиялар және жалпы байланыс қызметі ел ішінде тұтас Telegram мессенджерін бұғаттауды қолға алған еді. Сол уақыттан бастап атаулы әлеуметтік желімен күресіп келе жатқан көршілес елдің басшылығы Apple және Google компанияларына өтініш жазған еді. Өтініште онлайн дүкен сөрелерінен Telegram қосымшаларын өшіру туралы жазылған. 28 мамыр күні теріскейдегі көршілер Apple компаниясына қайта хат жазып, осы ұсынысқа бейжай қарамауларын өтінді. App Store дүкеніненTelegram қосымшасын біржолата өшіріп, сервистің iOS оперативті жүйесіне push хабарландырулар жіберуіне бұғат қойылуын талап етті. Осы ұсынысқа сәйкес, Apple ақпан айында толық бір тәулікке App Store дүкенінен Telegram және Telegram X қосымшаларын өшірген еді. Бірақ, көп ұзамай бұл мессенджер онлайн дүкен сөресінде қайтадан қолжетімді болған. Араға екі ай салып Apple компаниясы Telegram турасында, атап өткендей ендігі қосымшаларға жаңартулар енгізуге бұғат қойғаны жайлы хабарлап отыр. Орын алып жатқан оқиғаларға қарасақ, Apple компаниясы дүниежүзі бойынша үлкен дау тудырған Павел Дуровтің мессенджеріне қарсы тарапта екендігі білінеді. Алдағы уақытта App-store дүкенінен Telegram-ды тағы да таппай қалсақ таңғалмаймыз. Massaget.kz мақалаларын Telegram желісінен оқу үшін 1-ді басыңыз!