Криптовалюта мен банк шоттарындағы қаражатты жымқыратын троян вирустары көптеп таралалып барады. ESET компаниясының өкілдері Android операциялық жүйесіне төнетін кибершабуылдың қай елде жиі орын алатынын зерттеді. Қуанышқа орай, тізімде біздің еліміз көрсетілмеген. Сарапшылар Android операциялық жүйесіне орнатылған ESET NOD32 антивирсына қарсы жасалған шабуылдарды есептей отырып рейтинг шығарған. Бұл рейтингтің бірінші орынында 16 пайыздық көрсеткішпен Иран Ислам Республикасы тұр. Ал екінші орынға Ираннан көрсеткіші екі пайызға төмен Ресей Федерацияы жайғасыпты. Үшінші орын 8 пайыздық көрсеткішке ие Угандаға бұйырыпты. Ал iOS операциялық жүйесі бойынша рейтингтің тізгінін Қытай өз қолына алған. Оның көрсеткіші 61%. Аспан асты елінің артын ала екінші, үшінші орынға Тайвань (13%) мен Ганконг (3%) жайғасыпты. Еске сала кетейік, Android операциялық жүйесі мобильді телефонға кіру арқылы ақша ұрлайтын вирустарға көп жағдайда қарсылық келтіре алмайды. Вирустарға күрес жүргізу үшін оның қауіпсіздік алгоритмі өте әлсіз. Осыған дейін, мобильді банк қосымшалары арқылы вирустар шоттағы қаражатты жымқырып жатқанын хабарлаған едік. Мамандар бұндай кибершабуылдан қорғану үшін операциялық жүйеге өзгертулер енгізілген кезде үнемі жаңартып отыру керектігін ескертеді. Соңғы нұсқадағы операциялық жүйе ақша ұрлауға пайдаланылатын вирустың құрылғы ішіне енбеуінен сақтайды. Сонымен қатар, жүктелген қосымшаларды да үнемі жаңартып отыру керек және қосымшаны тек Google Play, App store сияқты ресми маркеттерден жүктеу керек. Қосымша ескерте кететін тағы бір дерек, құпия сөздің қысқа әрі оңай болуы да вирустардың жұмысын жеңілдететіні белгілі. Сол себепті, құпия сөзді жазғанда әріптермен қатар сандарды, символдарды да енгізу керек. Тек қосымшаның құпия сөзі ғана емес, телефонның да кілт сөзі неғұрлым қиынырақ болғаны дұрыс. Осы әрекеттерді орындау арқылы троян вирустарының шабуылын тоқтатуға болады.