- Негізгі бет
- Техно
- Amazon автоматтандырылған...
Amazon автоматтандырылған дүкендер желісін ашуды бастап кетті
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Amazon 2021 жылға дейін 3000-ға жуық автоматтандырылған (дүкенде касса мен сатушы болмайды) супермаркеттер мен фастфуд нүктелерін ашуды жоспарлап отыр.
Компанияның алғашқы автоматтандырылған дүкені Сиэтл мен (Вашингтон) Чикагода 2016 жылдың соңында ашылған еді. Бір ай бұрын сол Сиэтлде дәл осындай екінші супермаркеттің "тұсауы кесілді". Төртіншісі өткен аптада Чикаго қаласында ашылды. Олардың екеуінде азық-түлік пен түрлі өнімдер сатылса, қалған екеуінде салат пен көкөністер сатылады.
Amazon осы жылдың соңына дейін осындай дүкендер желісінің 10 шақтысын ашуды жоспарлап қойған. Ал келесі жылы тағы 50 дүкен ашады. Қалғандарын 2020-2021 жылдар аралығында ашу көзделген.
Дүкенге кіру үшін смартфоныңызға компанияның арнайы бағдарламасын жүктеп алып, оны оқитын бағдарламаға тигізу арқылы дүкен есігін ашасыз.
Сауда барысы арнайы орнатылған сканерлер арқылы бақыланады. Сатып алған өніміңізден бас тартып, орнына қоюыңызға болады. Сатып алған затыңыздың ақшасы дүкеннен шығу кезінде шотыңыздан автоматты түрде алынады. Сатушылардың жоқтығы мен көптеген бақылау камераларын есептемегенде, бұл әдеттегі супермаркеттен айырмашылығы жоқ сауда орны.
Осындай желілердің ашылуы туралы жаңалықтар АҚШ-тың ірі сауда желілерінің үлесін төмендетіп келеді. Мысалы, Walmart акциялары 0,6% -ға, Target акциясы - 1,5% -ға, Kroge акциялары - 3,1% -ға арзандаған.
Bloomberg биыл Amazon корпорациясының негізін қалаушы Джефф Безосты әлемдегі ең бай адам деп атады. Оның жеке қаржысы 150 миллиард доллардан асып кеткен. Оған тиісті компаниялардың жалпы қаржысы триллион доллардан асты.
Т. Раушанұлы