- Негізгі бет
- Техно
- Alibaba компаниясының негізін...
Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Ма зейнетке шықты
Қытайдың әйгілі Alibaba холдингінің негізін қалаушы және директорлар кеңесінің мүшесі Джек Ма дүйсенбі күні, яғни 10 қыркүйекте зейнетке шығады. Кәсіпкер бұл күні тұп-тура 54 жасқа толады. Қытайлық азамат осы тақырыпқа байланысты The New York Times басылымына сұхбат берді.
«Зейнетке шығу – менің жұмыс мансабымның аяқталғаны емес, керісінше басталғаны», - дейді кесек сөйлейтін кәсіпкер. Қытайлық баспасөздің, оның ішінде Джек Маның отандасының, әріптесінің хабарлауы бойынша, ол зейнеттегі ғұмырын қайырымдылыққа, білім саласын арттыруға бағытталған жұмыстармен айналысуға арнамақ. Джек Ма Alibaba Group холдингінен біржолата кетпек емес. Ол директорлар кеңесіндегі қызметін жалғастыра береді. Осылайша, ол компаниядағы саясатты өз бақылауында ұстайды.
Джек Ма зейнетке шығу туралы ойын осыдан екі жыл бұрын Гонконгта өткен конференцияда айтқан еді. Бұл әрекетінің басты себебі, кеңседе табжылмай отырып жұмыс істеуден шаршағандығы екенін кәсіпкер жасырмай айтқан еді. Сол жылы Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форум кезінде, ол бизнестің кесірінен жеке өміріне көңіл бөлмей кеткенін мойындады. Джек Маның зейнетке шығуға асығуына осы себептердің әсер еткені анық.
Forbes журналының 2017 жылғы мәліметтері бойынша, Ма Қытайдың ең бай адамдарының арасында үшінші орында тұр. Оның жеке капиталы – 38,9 миллиард доллар. Ол Alibaba жоспарын 1999 жылы ойластырып, соңынан ілескен небәрі 17 адаммен бірге қарқынды жұмыс бастаған еді. Мақсатқа жету жолында түрлі қиындықтарды бастан кешірсе де, тағдырдың сынағына мойымаған азамат бүгінде әйгілі тұлғаға айналды. Кәсіпкер өзінің бастан кешкен қиындыққа толы оқиғаларын баяндап, талай адамның жетістікке жетуіне жол сілтеді.
А. Қажиев