- Негізгі бет
- Техно
- Airbus "Жұлдызды соғыстағы"...
Airbus "Жұлдызды соғыстағы" ғарыш кемесіне ұқсас ұшақ жасады
Ұшақ өндірісінде алпауыт компанияның бірі саналатын Airbus авиация әлеміне жаңалық әкелмек. Қазіргі ұшақтар ауаны қатты ластайтындықтан, көптеген компаниялар электр қозғалтқышты жасауды қолға алды.
2019 жылы Airbus компаниясы кішігірім ұшақтарға электр қозғалтқыштарды орнатуға болатынын дәлелдеді. Дегенмен жолаушы тасымалдайтын ірі ұшақтарға орнату әзірге мүмкін емес. Осыған байланысты Airbus компаниясы ауаға шығатын зиянды заттардың мөлшерін азайту үшін Maveric жобасын бастады. Бұл жоба қолданылатын жанармайдың мөлшерін азайтуға бағытталған.
Airbus компаниясының жасап шығарған жаңа ұшағын "Жұлдызды соғыс" фильміндегі ғарыш кемесіне ұқсатқандар көп. Жаңа ұшақ расында қазір аспанда қалықтап жүрген ұшақтарден бөлек. Оның қанаты денесіне жатық ауысқан, ал қозғалтқыштары бүйіріндегі қанатында емес, артқы кіші қанаттарына орналастырылған.
Жаңа ұшақ 2019 жылдың маусым айынан бері тексерістен өтіп жатыр. Байқау кезеңі 2020 жылдың жаз мезгіліне дейін жалғасады. Ұшақтың бір ерекшелігі - жолаушылар санында. Өйткені компания жолаушыларды ұшақтың қанатына да жайғастыруды жоспарлап отыр. Бұл ұшақтың сыйымдылығын кем дегенде 1,5 есе арттыратыны анық.
Сондай-ақ классикалық ұшақтарға қарағанда, бұл ұшақта иллюминатор жоқ. Airbus оның орнына сыртқы бейнені көрсететін арнайы дисплейлер орнатпақ. Ұшақтың басты жаңалығы – құрылысының ерекшелігіне байланысты желмен үйкеліс күші азаяды. Бұл өз кезегінде жанармайдың аз жануына көмектеседі. Ерекше аэродинамикалық құрылысының арқасында тұтынылатын жанармайдың мөлшері 20%-ға дейін қысқарады.
А. Рысдәулет