Нидерландыда ерлі-зайыптылар 3D форматында толық басып шығару технологиясын қолданып салынған алғашқы еуропалық үйге көшті. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
"Элиза Луттс пен Гарри Деккерс алғашқы сандық кілтін алды. Бұл оларға есік ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама", - делінген хабарламада.
Эйндховен техникалық университеті және "Вестеда" тұрғын үй корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылған "Милестон" жобасының алғашқы дайын үйін жалға беру 2019 жылы жоспарланған болатын, бірақ архитектуралық жобаның күрделілігіне байланысты кейінге қалдырылған.
3D басып шығаруды пайдаланып ғимараттар салуды құрылыс индустриясында көптеген адамдар шығындарды азайту және қоршаған ортаға зиян келтірмеу тәсілі ретінде қарастырады. Бұл технология арқылы салынған үйлерде цементтің мөлшері аз, құрылыс материалдарының қалдықтары болмайды. Сонымен қатар 3D-принтер процестің автоматтандырылуын қамтамасыз етіп, соның арқасында ғимараттар салу жылдамдығы артады.
Тұрғын үй көлемі 94 шаршы метр, екі жатын бөлме бар. Үй тас пішінді және 24 бетон элементтерінен тұрады. Ғимаратты салуға 120 сағат уақыт кеткен.
Айта кетейік, 3D басып шығару технологиясы үйлер мен басқа ғимараттарды салуда соңғы уақытта жиі қолданылып жатыр. Мәселен 2018 жылдың соңында Шанхайдағы инновациялық парктердің бірінде 3D принтерінде басып шығарылған әлемдегі ең ұзын бетон көпір ашылды. Көпірдің ұзындығы - 14,1 метр, ені - 4 метр. Көпір – Хебей провинциясындағы 1,5 мың жылдық тарихы бар ескі көпірдің көшірмесі.
Ал 2019 жылы Мексиканың Табаско штатында кедей отбасылар үшін құрылыс істерін жүргізіп жатқан Icon стартапы, New Story және Echale коммерциялық емес ұйымдары 3D-принтер арқылы болашақ ауылдың негізі болатын алғашқы екі үйді басып шығарған болатын.
Үйлер Icon Vulcan II принтеріндегі арнайы бетон қоспасын пайдаланып салынған.
Екі жатын бөлмесі, қонақүйі, ас үйі және моншасы бар стандартты үй 46,5 шаршы метр. Осындай көлемдегі үйді принтерге басып шығару үшін небәрі 24 сағат уақыт кеткен.