- Негізгі бет
- Техно
- 3D-фильмдерді көзілдіріксіз көруге...
3D-фильмдерді көзілдіріксіз көруге болатын экран жасалды
Массачусетс технологиялық институтының инженерлері 3D-фильмдерді барлығына үйреншікті көзілдірікпен қарау әдетін өзгертпек. Қазір өндірушілердің қолында жаңа экранның прототипі ғана болғанымен, болашақта мұндай экрандар барлық кинотеатрдан орын алуы әбден мүмкін. Бұл технологияның көмегімен әр көрермен кинотеатрда үш өлшемді суреттерді қандай да бір қосымша құралсыз қарай алады.
Қазіргі кезде параллакстық барьер технологиясы тұрмыстық электроникада және мобильді гаджеттерде кеңінен қолданылып жүр. Адам экрандағы үш өлшемді суретті арнайы тік тордың арқасында көре алады. Екі көздің әрқайсысы тордағы ойықтар арасынан түрлі бұрыштан түсірілген видеодағы өзінің жеке кадрын көреді. Ми алынған мәліметтерді салыстырады және оны үш өлшемді суретке түрлендіреді. Бәрі қарапайым көрінгенімен, бұл технология тиімді жұмыс істеуі үшін көрермен теледидардағы параллакстық экранның дәл ортасында отыруы қажет және оған тік бұрышпен қарауы керек. Көрерменнің жан-жаққа қозғалуы немесе басын бұруы 3D-эффектіні бұзып жібереді.
Nintendo өзінің жаңа New 3DS технологиясында одан әрі барды. Гаджет тұтынушы көзін экранға қатысты әрдайым қадағалап отыратын және параллакс торына қатысты суретті қозғап отыратын қосымша тұтас камерамен жабдықталды. Осындай жаңартуға байланысты 3D-эффект тұрақты бола бастады, алайда бұл тек шағын құрылғыларға ғана арналған. Ендеше, бір уақытта әр түрлі нүктеден жүздеген адам қарайтын кинотеатрдың үлкен экраны қалай болмақ?
Зерттеушілер параллакстық барьерді одан ары жетілдіруді қолға алған. Кинотеатрда көрермендер бір орыннан екіншіге сирек ауысады. Соған негізделе отырып, олар үш өлшемді суреттер экраннан кинотеатрдағы әрбір креслоға бөлек проекцияланатын етіп жасайды. Жаңа технология Cinema 3D атауын алған. Өндірушілер болашақ экранның прототипін жасаған, ол өз құрылымында күрделі линзалар мен айналардан тұрады. Жаңа технологияның қалай жұмыс істейтінін төмендегі видеодан көре аласыздар.
Мұндай құрылым қаржы жағынан қолжетімді бола ма әлде ірі кино мекемелерінің иелеріне бұрынғыша әдетке айналған 3D-көзілдірік тиімдірек бола ма — оны уақыт көрсетеді.
А. Жапатова