2019 жылы әлемдегі әуе апаттарынан 257 адам құрбан болған. Бұл дерек To70 Consulting ұсынған "Азаматтық авиацияға шолу – 2019" есебінен белгілі болды.
Компанияның мәліметінше, 2019 жылы 86 әуе апаты болып, оның сегізінде адамдар қаза тапқан. Алайда бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есе азайған. 2018 жылы 157 әуе апатынан 534 адам қаза тапқан еді.
Сарапшылардың есептеуінше, 2019 жылы орта есеппен әр 5,5 миллион рейс сайын бір әуе апаты болған.
Олардың ішіндегі ең ірілері:
• 9 наурыз, Колумбия (Douglas DC-3, 14 адам);
• 10 наурыз, Эфиопия (Boeing 737 Max, 157 адам);
• 5 мамыр, Ресей (Superjet 100, 41 адам);
• 24 қараша, Конго (Dornier 228, 29 адам);
• 27 желтоқсан, Қазақстан (Fokker 100, 12 адам).
Еске салайық, 27 желтоқсан күні таңертең Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы әуелі радардан жоғалып кетті. Кейін 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі мінген ұшақтың Алматы маңында апатқа ұшырағаны белгілі болды. Әуелі 15 адам қаза тапқаны хабарланды, кейін Ішкі істер министрлігі мен Алматы әкімінің баспасөз қызметі құрбандар саны 12 екенін және 68 адам жарақат алғанын нақтылады.
2019 жылдың 28 желтоқсаны жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.