«Астана Опера» театрының солистері аты аңызға айналған француздық хореограф Ролан Петидің ассистенті әйгілі балетмейстер Луиджи Бониноның шеберлік сабағынан өтті.
XX ғасырдың әйгілі хореграфы Ролан Пети – жүз елуден астам балет қойылымдары мен нөмірлерінің авторы. Ол ең үздік әлемдік сахналарда қойылымдарды жүзеге асырған. Олардың барлығы балет тілінің стилистикалық және техникалық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Осындай қойылымдарға Марго Фонтейн, Рудольф Нуриев, Михаил Барышников, Майя Плисецкая, Наталья Макарова, Карла Фраччи, Алтынай Асылмұратова сияқты аса көрнекті әртістер қатысқан.
1975 жылы Ролан Пети Марсель ұлттық балетінің труппасына жас әртіс Луиджи Бониноны өзінің ассистенті ретінде шақырады да, оған жауапты міндетті – өзінің түрлі ұжымдарда қойған барлық балетін жаңғыртуды жүктейді. Жылдар өте келе олардың қатарынан «Астана Опера» труппасы да табылды.
Қарашаның 11-22 жұлдызы аралығында балет өнерінің асқан шебері Луиджи Бонино «Астана Опера» театрының жетекші солистері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева, Гауһар Усина, Жандос Әубәкіров, халықаралық байқаулардың лауреты Әйгерім Бекетаева және балет әртісі Бауыржан Боранбаев және тағы басқалары қатысқан шеберлік сабағын өткізді. Маэстроның жетекшілігімен әртістер әйгілі Ролан Петидің хореографиясындағы үш балет нөмірін дайындады. Р.Петидің ең танымал және сүйікті балеті – Ж.Бизе «Кармен» балетінің күрделі нұсқасы мен үлкен па-де-десі, бұл балетті әйгілі хореограф өзінің жұбайы атақты балерина Зизи Жанмерге арнап қойған еді. Құштарлыққа ынтық Кармен мен ер жүрек Дон Хозенің арасында жалындаған шынайы махаббат нөмірдің негізгі тақырыбы саналады.
И.С.Бахтың музыкасына жазылған «Леда мен аққу» және Ж.Массненің «Таис» операсындағы «Медитация» балет миниатюралары аса көрнекті балерина Анна Павловаға арналған «Менің Павловам»атты балетінде қойылған. Әйгілі әртіс аққудың бейнесін және әйел мен еркек аққудың махаббаты жайлы сезімге толы «Леда мен аққу» миниатюрасын қатты жақсы көрген екен. «Таис» операсынан алынған «Медитация» па-де-десі – үшеуінің ішіндегі ең классикалық нөмір.
Луиджи Бонино қазақстандық әртістермен жүргізген бірінші тәжірибесі туралы айтып берді: «Мен солисттерге тек хореографиялық жағынан ғана емес, актерлік шеберлік жағынан да көмек беруге тырысамын. Аталған балет жұптарымен өткен шеберлік сабағынан кейін мен олардың бәрі тамаша орындайтынына сенімдімін. Біз «Таис» нөмірін дайындауда бірге жұмыс істеген Мадинаны – нағыз жұлдыз деуге болады!»
Жетекші балет солистері өз кезегінде дәстүрлі классикалық балетке тән жаңа білім алуға мүмкіндік туғанына өте қуанышты, олар Ролан Петидің техникалық жағынан алғанда өте күрделі ерекше хореографияылық стилін қызығушылықпен меңгерді. Ол аяқты басқаша айналдыру арқылы, басқаша бой түзеумен сипатталады.
– Жұмыс барысында бізден мол жауапкершілік талап етіледі, неге десеңіз Ролан Петидің хореографиясы мүлдем өзге би техникасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, мұнда музыкалық дәлдік, икемділік өте маңызды. Әрбір қимыл сезімге толы орындалуы керек: тек билеп қана қоймай, би кезіндегі жан-дүниеңнің сырын жеткізе білу қажет, - деді жетекші балет солисі Жандос Әубәкіров.
Атақты балетмейстер нөмірлерді қойған солистерге ғана емес, жалпы жас балет труппасына өте риза болды.
– Театрларыңыз шын мәнінде айрықша, ғажап екен! Оның ауқымы таңдандырады. Балет труппасының керемет дайындық студиясы, осындай үлкен сахнада билеу мүмкіндігі бар! Мен «Спартак» балетінде болып, соншалықты мықты, сымбатты ұлдар мен қыздарды тамашаладым. Спартактың рөлін сомдаған Бақтияр Адамжан – керемет биші! Мен осында қайта келемін және барлық труппамен жұмыс жасаймын деп үміттенемін, - деді Луиджи Бонино.