- Негізгі бет
- Театр
- Виртуалды емес, музыкалы...
Виртуалды емес, музыкалы достар
Белгілі виолончельші Эльдар Сапараев Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде бірге оқыған сыныптас-достарымен бірлесіп, «Астана Опера» театрының Камералық залында «Армандар орындалады» атты концерт ұсынбақшы.
Бір кездері бірге оқып, болашақта сахнаға шығып, өз орындауларындағы жоғары классиканы тыңдармандарына ұсынуды арман еткен жастардың ізгі тілектері орындалғандай. Бүгінгі күні олардың әрқайсысы өнер әлемінде өзіндік орны бар жоғары маманданған шебер музыканттар: скрипкашылар Қаламқас Жұмабаева, Эльвира Мұхамбетова, Баян Рахимова. Флейташы Александр Тараскин, валторнашы Марат Қонысбаев, Виталий Сиротин, пианиношы Гаухар Тасбергенова, Әлібек Әлпиев. Кештің арнаулы қонақтары – скрипкашы Бахыт Бижанов, Ержан Ахметжанов, виолончельші Ермек Құрманаев елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап өнер көрсетпек.
Достар бұл басқосуда бірлесіп музыка ойнау арқылы тағы бір армандарына қол жеткізбек. Бұл концертті өткізуді олар 5 жыл армандады. Кештің өтуіне түрткі болып әрі жетекшілік еткен қазір Швейцарияда тұратын атақты виолончельші Эльдар Сапараев.
– Кеш бағдарламасы барысында үлкен құлшыныспен жұмыс істеп жатырмыз, бәрі сәтті өтіп, концерттен тек өзіміз ғана емес, бірінші кезекте тыңдармандарымыз зор әсер алғанын қалаймыз, – дейді Эльдар Сапараев.
Бағдарламаға музыканттар ең үздік камералық-аспаптық музыкаларды енгізді. Қазақстандық композитор, аспапшылардың сыныптасы Ақмарал Қажығалиеваның осы концертке арнайы жазылған жаңа туындысының алғашқы рет орындалуы – көрермен үшін тосын сый болмақ.
– Бұл концерт ерекше болмақ, өйткені барлығымыз кәсіби тұрғыдан қандай деңгейге жеткендігімізді көрсеткіміз келеді. Арамызда көбі бастапқы сыныптан соңғы сыныпқа дейін бірге оқыды. Арақатынасымыздың алшақтығына қарамастан, бір-бірімізге деген достық жылы қарым-қатынасымызды қолдаймыз. Бірге оқыған сыныптастарымыз Италияда, Швейцарияда, Аустрияда және АҚШ-та тұрады және жұмыс істейді. Бұл кеште бас қоса отырып, тек танымал және тыңдармандардың сүйікті шығармаларын ғана емес, әлі орындалмаған туындыларды да орындайтын боламыз, – дейді «Астана Опера» театрындағы симфониялық оркестрдің бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабекова. Кештің жүргізушісі – музыкатанушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.
Г. Берік