Франция, Швейцария және Ресейдің белгілі әншілері «Астана Опера» театрының Камералық залында өнер көрсетеді. Олар музыка тарихындағы кемеңгер композитор Иоганн Себастьян Бах шығармашылығына арналған «Бах шығармашылығындағы үндестік» атты концерттік бағдарлама ұсынады.
Бұл кеште сахнаға Рашель Кисаканин (скрипка, Франция), Эльдар Сапараев (виолончель, Швейцария), Павел Романенко (альт, Ресей, Мәскеу) шығады.
Кеш бағдарламасына И.С.Бахтың шығармалары – виолончельге (соло) арналған №6 сюитасы D-dur BWV 1012, Д.Ситковетскийдің ішекті триоға арналған «Гольдберг варияциялары» енгізілді. Концерттің жүргізушісі – музыкатанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова. Швейцарияда тұратын біздің отандасымыз, виолончельші – Эльдар Сапараев қазақстандық көрермен үшін Дмитрий Ситковетсийдің өңдеуіндегі Гольдберг вариацияларын ұсынуды дайындауда.
– Маған Д.Ситковетскийдің өңдеуіндегі шығарманы бірнеше рет оның өзімен бірге орындау бақыты бұйырды. Біз бұл трионы Еуропадан бастап, Оңтүстік Африкамен аяқтап, әлемнің барлық континенттерінде орындап шықтық, тіпті Таитиде де орындалды. Бір ай бұрын Д.Ситковетскийдің ассистенті ретінде Германияда болған концерттік сапарымда Гольдберг вариацияларымен дирижер ретінде жұмыс істедім (ішекті оркестр үшін екінші нұсқасы бар).
Дәл қазіргі уақытта Эльдар Сапараев оңтүстік-батыс Германия филармониясына шақырылған алғашқы дирижеры, Германияның оңтүстік-батыс филармониялық оркестрінің концертмейстері екендігін, сонымен қатар, әйгілі виолончель секстетінің (Кельннің филармониялық виолончелистері) құрамына енгендігін естеріңізге саламыз. Аспапшы жетістіктеріне қанық болған Павел Романенкомен бірге музыка ойнауға қуанышты екендігін білдірді.
Павел қазақстандық көрермен үшін музыка ойнаудағы асқан шеберлігімен ғана емес, шығармашылық жолының өзі туып өскен Астана қаласынан басталатындығымен де таныс. Кейіннен А.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясындағы КСРО Халық әртісі Юрий Башметтің сыныбын бітірді. Қазір Павел Коганның басшылығындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріндегі альт тобының концертмейстері. Музыка сыншылары оның дауысындағы альттен шығатын қуаттылық пен әдемілік қолының физикалық қуаттылығынан немесе техникалық әдістің сан түрін меңгергендіктен емес, шығармашылық табиғатының бай қиялдай білуінен, сезімге толылығы мен қоршаған ортасын қабылдау ерекшелігінен деп баға берді.
– Концерттік бағдарлама арқылы біз көрерменге адамзат жанын тебірентетін музыканың таңғажайып құдіретін жеткізгіміз келеді. Мен «Гольдберг вариацияларымен» алғаш танысқанымда аса толғаныста болдым. Оны тыңдағанда, жер бетіндегі барлық дүниені ұмытып, әрбір нотадан ләззат аласың,– дейді Павел Романенко.
Эльдар Сапараев пен Павел Романенко бұғанға дейін «Астана Опера» сахнасында өнер көрсеткен болса, белгілі скрипкашы Рашель Кисаканин елордалық сахнаға алғаш рет шықпақшы. Ол Францияда туып-өсті, Лион, Лондон және Базелде оқыды. Дәл қазіргі уақытта Цюрихте тұрады, түрлі камералық топтарда, сонымен қатар Цюрих камералық оркестрі, Люцерн фестивалі оркестрі, Люцерн симфониялық оркестрі және тағы басқа белгілі оркестрлерде ойнайды. Өткен жылы ол бүкіл Еуропаға гастрольдік сапармен шыққан «Trio Le Délice» ансамблін ұйымдастырды. Рашель Кисаканин елордалық көрерменмен жылы кездесуді асыға күтіп жүргендігін жеткізді.