- Негізгі бет
- Театр
- Ұлы Жеңіс музыкасы...
Ұлы Жеңіс музыкасы «Астана Опера» төрінде қалықтайды
9 мамырда «Астана Опера» театрының негізгі залында «Жеңіс вальсі» атты мерекелік концерт өтеді. Соғыс жылдарына арналған кинофильмдерден үзінділер мен атрибутикалар сахнаның көркіне айналып, «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы алыста қалған сол бір ауыр жылдардың атмосферасын жеткізеді.
Аталған кеште дирижерлық тізгін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновта болады. Жеңістің 70 жылдығына арналған концерт жайлы сөз қозғаған кезде дирижер, соғыс өзінің ауыр ізін тек тарих бетінде ғана емес, әрбір адамның жүрегінде қалдырғанын атап өтті.
Жеңістің ауыр жолын бастан кешкен жауынгерлер ерлігін еске алып, өнер көрсететін сахна шеберлері – Айгүл Ниязова, Салтанат Ахметова, Салтанат Мұратбекова және басқа жас әншілер сол бір жеңімпаз аға буынға шайқасуға, аман қалуға, үміттенуге, күресуге, ақырғы демі қалғанша шыдауға көмектескен әндерді шырқайды.
Бұл концерттің ерекшелігі, соғыс жылдары және одан кейінгі жылдардағы көпке танымал Давид Тухмановтың «Жеңіс күні», Евгений Мартыновтың «Алексей, Алешенька, ұлым», Жақсыгелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» сияқты әндерімен қатар, осы ұлы күнмен байланысты классикалық шығармалардың да орындалатындығында. Осыған орай «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі Шостаковичтің Ленинградтағы блокада кезінде жазған Ленинградтың жетінші симфониясынан үзінділер орындайды. Театрдың жетекші солисті Салтанат Ахметова Р. Глиэрдің оркестр мен дауысқа арналған концертінен «Жеңіс вальсін» шырқайды.
Мерекелік концерттің маңызды оқиғасы – кеште Абзал Мұхитдиновтің өңдеуіндегі, қарағандылық ақын Сайлау Бердіқожаевтің өлеңіне жазылған «Ерлер дастаны» атты әнінің тұсауы кесіледі. – Бұл қазақ халқының және кеңес әскерінің ерлігі, төзімділігі, қаһармандығы, соғыс жайлы баяндайтын марш, - дейді Абзал Мұхитдинов.
Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.
Ф. Абилова